Ресейге тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған: СІМ ресми сауал жолдады
Қазақстан азаматын Германияның қылмыстық полициясы ұстаған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Берлинде Ресей арнайы қызметтеріне тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған ел азаматына қатысты Германияның құзырлы органдарына ресми сауал жолдады. Қазіргі уақытта министрлік неміс тарапынан ресми жауап күтіп отыр және бұл мәселе ерекше бақылауға алынған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Германияның қылмыстық полициясы ұстаған Қазақстан азаматы 2025 жылдың мамыр айынан бастап Ресей барлауымен байланыста болды деп күдіктелуде. Тергеу мәліметтері бойынша, ол Германияның Украинаға әскери көмегі, неміс қорғаныс өнеркәсібі, әсіресе дрондар мен роботтарды әзірлеуші кәсіпорындар туралы ақпарат беріп келген. Сондай-ақ күдікті Берлиндегі ғимараттар мен НАТО-ның әскери техникаларын суретке түсіріп, диверсия жасауға қолайлы нысандар туралы ұсыныстар айтқан.
Алайда Der Spiegel басылымының дереккөздері күдіктінің диверсияларды іс жүзінде ұйымдастырғаны туралы нақты дәлелдер жоқ екенін хабарлады. Оның берген мәліметтерінің басым бөлігі интернеттегі ашық дереккөздерден алынған болуы мүмкін деген болжам бар. 29 сәуірде Федералдық сот палатасы ұсталған азаматты алдын ала қамауға алу туралы шешім шығаруы тиіс.
Бұған дейін халықаралық БАҚ Берлинде Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматының ұсталғаны және оның пәтерінде тінту жүргізілгені туралы хабарлаған болатын.