Қазақ боксшысы Әлем кубогында топ жарды
Бразилияда өткен бокстан Әлем кубогының бірінші кезеңінде қазақстандық спортшылар жеті медаль жеңіп алды, оның ішінде алматылық Виктория Графеева әлем чемпионын ұтып, алтыннан алқа тақты.
World Boxing ұйымдастырған додада 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Виктория Графеева финалда жарыс қожайыны, бразилиялық былғары қолғап шеберімен кездесті. Ол қазіргі әлем чемпионын айқын басымдықпен жеңіп, турнирдің басты сенсацияларының бірін жасады.
Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленді. Тағы бір алматылық спортшы Алуа Балқыбекова 51 келіде қола жүлдеге қол жеткізді. Ол жартылай финалда қытайлық қарсыласына 2:3 есебімен жол берді.
Әлем кубогы кезеңдерінің келесі жарысы маусым айында Қытайда өтеді. Ал финалдық бәсекелер Өзбекстан астанасы Ташкентте ұйымдастырылады.