Қарағандыда көліктің ішінен әйелдің мәйіті табылды
Қайғылы оқиға 22 сәуір күні Төлепов көшесінде болған.
Қарағанды қаласында тұрақта тұрған автокөліктің ішінен бірнеше жерінен пышақталған әйелдің мәйіті табылды. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұстады.
Қайғылы оқиға 22 сәуір күні Төлепов көшесінде болған. 34 жастағы әйелдің денесі автокөліктің ішінен табылған. Алдын ала деректерге сәйкес, әйел пышақ жарақаттарынан көз жұмған.
Оқиға туралы хабар түскен бойда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын қолға алды. Кешікпей күдік тудырған 35 жастағы ер адам анықталып, ұсталды.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 35 жастағы күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.