Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) облыстық департаменті Петропавл қаласындағы маңызды инфрақұрылымдық нысандардың бірі – автожол өтпежолын салу кезінде орын алған заңсыздықтарды әшкереледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиғаның мән-жайы 2023 жылдың тамыз айынан бастау алады. Сол кезде Петропавл қаласы әкімдігінің ТҮКШ бөлімі мен «БУКА» ЖШС арасында құны 5,4 миллиард теңгеге тең ірі келісімшарт жасалған. Жоспар бойынша, мердігер компания қаланың көлік қатынасын жақсартуы тиіс жаңа өтпежол салуы керек еді.
Алайда, құрылыс басталғаннан-ақ жұмыс кестесінен кешігулер басталған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, «БУКА» ЖШС директоры мәселені заңды түрде шешудің орнына, әкімдіктің лауазымды тұлғаларымен сөзбайласқан. Олар іс жүзінде жасалмаған жұмыстарды «бітті» деп көрсетіп, жалған мәліметтер толтырылған актілерге қол қойып келген.
Осы жалған құжаттардың негізінде бюджет қаражаты мердігердің шотына кедергісіз аударылып отырған. Алдын ала есептеулер бойынша, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 2 миллиард теңгеден асып түсті. Бұл - бөлінген жалпы қаражаттың қақ жарымына жуығы.
Қазіргі таңда тергеу амалдары аясында келесідей шаралар қабылданды:
Сот санкциясымен жалпы құны 270 миллион теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды.
Күдікті деп танылған компания басшысы сот шешімімен қамауға алынды.
Бұл оқиға өңірдегі жол құрылысы мен мемлекеттік сатып алу саласындағы бақылаудың әлсіздігін тағы да көрсетіп берді. 2 миллиард теңгенің жымқырылуы тек қаржылық шығын емес, сонымен қатар Петропавл тұрғындары тағатсыздана күткен маңызды көлік нысанының құрылысын белгісіз мерзімге тоқтатып тастады.
Қазіргі уақытта ҚМА департаменті бұл қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау мақсатында тергеуді жалғастыруда.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






