Қоғам

22 жастағы қазақстандық жігіт Дубайда өмір бойына сотталды

Ол 2024 жылы Біріккен араб әмірліктеріне жұмыс істеуге кеткен.

Үй ішімен үнемі хабарласып отырған ол соңғы қоңыраулардың бірінде өзіне жала жабылғанын айтқан. Дегенмен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің 14 сәуірде берген ақпаратында оның өмір бойына сотталғаны айтылады. Ал қандай баппен істі болғаны белгісіз. 

"Жұмыс істеймін деп кетіп, өмір бойына сотталды"

Анасының сөзінше, Ернұр Алмахан Дубайға 2024 жылы кеткен. Ал жақында баласы туралы бір жапырақ қағаз алған. Онда Ернұрдың өмір бойына сотталғаны жазылған.

"Менің балам 2024 жылы қыркүйектің ортасында Дубайға "жұмыс істеймін" деп кеткен. Нақты қандай жұмыс екенін айтпады, "білмеймін, барған соң өзімнің бастығым тауып береді" деді. Кеткеннен кейін арасында хабарласып тұрды. Қай жерде жүрді, қайда барды, кіммен сөйлесті, соны айтып тұратын. Дубайда такси айдады. 2024 жылы 31 желтоқсанда Жаңа жылмен құттықтады, содан кейін хабарсыз кетті. Ал мен қайда хабарласатынымды білмедім. Ал жақында "Өмір бақи бас бостандығынан айырылды" деген қағаз келді. Балам осылай сотталатындай іс-әрекетке барады деп ойламаймын. Өте ақкөңіл әрі жуас бала. Менің балам жазықсыз сотталып кетті ме деп алаңдаймын. Сол үшін президенттен көмек сұраймын. Егер балам кінәлі болса, осы жерде сотталсын", – деп жылады Нұргүл Алмаханова көмек сұрап.

Ернұр шетелге кетпей тұрып Алматыда кафелердің бірінде бармен болып жұмыс істеген. Анасының айтуынша, бастық деп отырғаны – сол кафенің бастығы. Анасы сол бастығының да қайда екенін білмейді.

"Мен жазықсызбын, ақталып шығамын"

Кейіннен үй іші Ернұрдың бір істі болып жатқанын өзінен естіген. Ернұр изолятордан үйіне хабарласып, "қорықпаңыздар, мен жазықсызбын, мен ақталамын" деп айтқан. Бірақ ата-анасы не жағдай болғанын, ол жерде бала не істеп қойғанын, қандай негізде сотталып жатқанын біле алмаған. Баласына сеніп, шешілетін шығар деп күткен.

2026 жылғы наурызда Біріккен Араб Әмірліктері сотының бірінші инстанциясы Ернұр Алмаханды өмір бойына бас бостандығынан айырған. Қазір іс бойынша апелляциялық шағым беріліп, сот процесі жалғасып жатыр.

"Арада уақыт өтіп, еш хабар болмаған соң баланың әкесі сыртқы істер министрлігі, елшілікке хат жаза бастаған. Әлі күнге дейін анасы баласы Ернұрдың не үшін сотталғанын білмейді. Қолымызда Сыртқы істер министрлігінің бұған дейін туыстары жазған шағымға берген жауабы бар. Баланың жақындары тек осы жауаптан ғана балаларының сотталғанын білген. Біздің Сыртқы істер министрлігі баланың биыл 18 наурыз күні Біріккен араб әмірліктерінде өмір бойына сотталғанын және 2 миллион 540 дирхам (яғни 300 млн теңгеге жуық) айыппұл салынғанын жазған. Хатта 27 сәуір күні оппеляция болатыны айтылған. Дегенмен сыртқы істер министрлігі азаматтың қандай баппен, не үшін сотталғанын, не үшін сонша айппұл салынғаны, жалпы баланың не істеп қойғанын анықтамаған, олар білмейді. Сондықтан біз осы жиында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің осы істі нақты анықтап, араласуын сұраймыз", – дейді қорғаушы Инга Иманбай.

Бүгінде шырылдаған ана баласымен байланысқа шыға алмайтын болғасын, құзырлы органдардан оның осы бір жағдайына араласуды сұрайды. Нұргүл Алмаханова Қазақстан президентінің әкімшілігіне, Сыртқы істер министрлігіне үндеу жасады.

"Ернұрға жала жабылды ма, қылмысты ол жасады ма әлде басқа біреудің қылмысын мойнына іліп жіберді ме, белгісіз. Қазір Нұргүл ханым баласының тағдырына қандай да бір жолмен ықпал ете алмай, шарасыз күйде отыр. Өз еліміздің азаматын не істеп қойса да экстрадициялауға болады, сотты осында өткізуге де болады. Анасы "балам кінәлі болса, кінәсі дәлелденсе, жаза берілсе, онда бізге көрсетсінші, осында жазасын өтесе арасында көріп тұрсам" деп отыр. Біз СІМ-нен екі ұшты жауап емес, нақты іс-әрекет сұрап отырмыз. Жұмыс істеуге кетті деген баласының артынан өмір бойы сотталды деген хабар келгені кімге болса да оңай емес. Ернұр Алмахан Дубайда болғаны себепті оған қатысты істі Дубайдың заң органдары жүргізіп жатыр. Сондықтан біз тікелей сол жерге барып, баланы қорғай алмаймыз. Десек те Ернұрдың және оның анасының Қазақстан азаматы ретінде құқықтары бар", – дейді заңгер Инга Иманбай.

Stan.kz редакциясы Сыртқы істер министрлігіне осы оқиғаға қатысты сауалын жолдады. Жауап болғанда ақпарат толығады.

Бұған дейін Дубайдағы тонау ісінде Ернұрдың аты аталған.

Айта кетейік, 2025 жылдың басында Дубайда Finiko қаржы пирамидасының басшысын тонады деп 5 қазақстандық азамат күдіктелгені туралы хабар тараған еді. Осы ата аталған бес азаматтың ішінде Ернұр Алмаханның аты да аталады.

Дәлірек айтқанда, тонау Дубайдағы жеке виллада болған. Ұрлыққа екі қазақстандық түскен, дегенмен кейіннен тағы үш қазақстандық араласқаны туралы ақпарат шыққан. Әңгіме 2025 жылдың 1 қаңтарына қараған түні болған шабуыл туралы. Дубайдағы вилла аумағына Қазақстанның екі азаматы - Анорбек Тюмибаев (01.05.1999 ж.Өзбекстанда туған) және Есболат Кенжеғазы (23.08.1995 ж. Ақтөбе облысында туған) кіріп, Ресей және Түркия азаматы Эдвард Сабировқа және оның жұбайына шабуыл жасаған. Оқиғадан кейін күдіктілер бірден елден ұшып кеткен, ал жергілікті полиция Қазақстан, Ресей және Түркияның ішкі істер органдарына көмек сұрап, бірнеше сұраныс жолдаған.

Кейін күдіктілер саны бесеу болуы мүмкін екені белгілі болды. Олардың аты-жөнін Telegram-дағы парақшасында журналист Михаил Козачков жариялады. Құжатқа сай, Тюмибаев пен Кенжеғазыдан бөлек, тонау мен пышақ қолданылған шабуылға тағы үш адам қатысқан: Ернұр Алмахан (06.05.2003 ж.Алматы облысында туған), Нұржігіт Қалыбеков (15.09.1998 ж. Өзбекстанда туған), Абзал Түкен (04.04.1995 ж. Абай облысында туған.

Аты аталған адамдар әр уақытта Алматыдан Біріккен Араб Әмірліктеріне барған, бірақ Қазақстанға қайта оралмаған. Дубай полициясының сол кездегі мәліметінше, олардың барлығы Ресей мен Түркияға ұшып кеткен.

Кейіннен 2025 жылдың 4 қаңтар күні Тюмибаев пен Кенжеғазы Ресейден ұшып кетпек болған кезде ұсталғаны хабарланды. Олардың бірі Внуково әуежайында, екіншісі Домодедово әуежайында қолға түскен. Бір қызығы, ұсталғандардан ақша табылмаған. Болжам бойынша, күдіктілер БАӘ-ден ұшып шықпай тұрып-ақ ақшаны криптовалютаға айналдырып үлгерген.

Сотталушының анасы мен заңгерлердің қойып отырған талабы:

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шұғыл және нақты әрекет қабылдауы;

Қазақстан азаматының құқықтарын халықаралық деңгейде толық қорғау;

Істің әділ және жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету;

Ернұр Алмаханға қатысты процестің ашықтығын қамтамасыз ету;

Жазаны Қазақстанда өтеу немесе экстрадиция мәселесін қарастыру.