Қазақстан мен Үндістан әуе қатынасын кеңейтуге ниетті
Марракеш қаласында өткен ИКАО-ның енгізуді қолдау жөніндегі жаһандық симпозиумы (GISS-2026) аясында Қазақстан мен Үндістан арасында әуе қатынасын дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Үндістанның ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Ангшумали Растогимен кездесті. Кездесуге Қазақстанның ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов те қатысты.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, әуе қатынасын кеңейтуге ерекше назар аударды.
– Қазақстан мен Үндістан арасындағы қолданыстағы шарттық-құқықтық база әуе қатынасын дамыту үшін берік негіз болып табылады. Қазақстандық әуе компаниялары ұшу географиясын кеңейтуге, соның ішінде жаңа бағыттарды ашуға және қолданыстағы рейстердің жиілігін арттыруға дайын. Әуе қатынасының кеңеюі елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастыққа қосымша серпін беретініне сенімдіміз, – деді Салтанат Томпиева.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Үндістан арасында Air Astana әуе компаниясы Алматы – Дели бағыты бойынша аптасына 13 рейс, Алматы – Мумбаи бағыты бойынша аптасына 3 рейс орындайды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тұрақты көлік байланыстарын дамытуға өзара мүдделі екенін растады.
– Қазақстан мен Үндістан арасындағы әуе қатынасын кеңейту екі ел арасындағы байланысты күшейтіп, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады, – деп атап өтілді кездесу қорытындысында.
Айта кетейік, Қазақстан мен Үндістан Үкіметтері арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге 1993 жылғы 10 қыркүйекте қол қойылып, 1998 жылғы 10 желтоқсанда ратификацияланған. Сонымен қатар 2015 жылғы 19 қазандағы меморандумға сәйкес, әр тараптың тасымалдаушылары аптасына 21-ге дейін тұрақты рейс орындай алады.