Молдахан ісі: Алматы прокуратурасы істің мән-жайын баяндады
Әңгіме 2021 жылы жасалған қылмыс туралы болып отыр.
Алматы прокуратурасы тонау үшін сотталған блогер Әділетхан Молдаханға қатысты істің мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Әлеуметтік желілерде блогер Әділетхан Молдаханның ұсталғаны және оның қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат таралып жатыр. Осыған байланысты Алматы прокуратурасы бұған дейін қаралған істің мән-жайын түсіндіріп берді.
Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Дидар Қабаевтың айтуынша, әңгіме 2021 жылы жасалған қылмыс туралы болып отыр.
Күдіктілер дер кезінде ұсталып, қамауға алынған. Қабаевтың айтуынша, іс қаралып жатқан кезде айыпталушылар өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
Осылайша, Әділетхан Молдахан тонау қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот қылмыстың алдын ала ойластырылған жоспар бойынша, жол-көлік оқиғасын қолдан ұйымдастыру арқылы жасалғанын анықтады. Айыпталушылар кінәларын мойындап, келтірілген шығынды өтеген, нәтижесінде оларға үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.