Нұртөре Жүсіп жасөспірімдер денсаулығы мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығы» тақырыбындағы V халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, сөз сөйледі. Ол қаралып отырған тақырыптың қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі үшін маңыздылығын атап өтіп, оның демографиялық даму мен адами капиталдың сапасына әсеріне тоқталды.
«Жасөспірімдік және бозбала шақ - бұл тек физикалық денсаулықтың ғана емес, сонымен бірге құндылықтардың, мінез-құлық үлгілерінің және өз болашағына деген жауапты көзқарастың қалыптасатын кезеңі. Дәл осы кезеңде репродуктивті мінез-құлықтың негізі қаланады, ол кейіннен келешек ұрпақтың денсаулық деңгейін айқындайды. Сонымен қатар, қазіргі заманғы сын-қатерлердің барған сайын күрделеніп бара жатқанын түсінеміз. Олардың қатарында жыныстық өмірдің ерте басталуы, ақпараттандыру деңгейінің жеткіліксіздігі, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және жастардың психоэмоционалдық әл-ауқаты мәселелері бар. Цифрлық ортаның, әлеуметтік желілердің әсері мен ақпараттың қолжетімділігі, оның ішінде әрдайым шынайы әрі қауіпсіз бола бермейтін деректердің маңызы ерекше болып отыр», - деді Нұртөре Жүсіп.
Қазақстанда жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау мәселелеріне басымдық берілетіні де бөлек атап өтілді.
«Бүгінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек жүйесін нығайтуға, ана мен бала денсаулығын қорғау қызметтерін дамытуға, сондай-ақ жастарға арналған профилактикалық және білім беру бағдарламаларын енгізуге бағытталған кешенді саясат іске асырылуда. Маңызды бағыттардың бірі - жастардың денсаулық орталықтарын дамыту, олар достық және құпия жағдайда консультациялық, диагностикалық және профилактикалық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мұндай орталықтар жасөспірімдер мен жастардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін қалыптастыруда негізгі рөл атқарады. Ағарту жұмыстары мен репродуктивті денсаулыққа жауапты көзқарасты қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру мекемелерінде денсаулық туралы білім деңгейін арттыруға, аурулардың алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда», - деді сенатор.
Бұдан бөлек, Нұртөре Жүсіп осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Денсаулық сақтау саласында жастардың құқықтарын қорғауға, сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған шаралар енгізілуде. Сонымен қатар, 2025 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған медицина қызметкерлерін зорлық-зомбылық әрекеттерінен қорғауға бағытталған маңызды заңды да атап өткім келеді. Бұл - уақытылы әрі өмірдің өзі талап еткен қажетті шешім. Күн сайын дәрігерлер, медбикелер және барлық медициналық персонал азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап, алдыңғы шепте жүреді. Олардың еңбегі жоғары кәсібилікті ғана емес, сонымен бірге үлкен жанқиярлықты талап етеді. Алайда, өкінішке қарай, медиктерге қатысты агрессия жағдайлары әлі де кездеседі. Қабылданған заң мұндай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік шараларын күшейтеді, зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастырады және ең бастысы, өзін адамдарға қызмет етуге арнаған жандардың қорғалуын қамтамасыз етеді. Біздің ортақ міндетіміз - тек заң нормаларын сақтау ғана емес, қоғамда медицина қызметкерлеріне деген құрметті көзқарасты қалыптастыру деп санаймын. Бізге қамқорлық жасайтындарға қамқор болу - мемлекеттің кемелдігі мен ізгілігінің көрсеткіші», - деп түйіндеді Нұртөре Жүсіп.