Қоғам

Танымал блогерге қымбат көлік сыйлады

Қолданушылар бұл тосынсыйдың шынайылығына күмән келтіріп, оны қойылым деп айыптады. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, миллиондаған жазылушысы бар танымал блогер Анеля Кенжебековаға белгісіз жанкүйері қымбат көлік сыйлады.

Блогер жақында 24 жасқа толған туған күнін жақын құрбыларымен атап өтті. Кештің ортасында оған қысқа хат ұсынылды: «Әнел, автотұраққа шыға қойшы, сені ерекше сый күтіп тұр» деп жазылған. Әнел Кенжебекова өзге блогер қыздармен бірге сыртқа шыққанда, көздеріне бірден үлкен қорап түседі. Қорапты ашқан сәтте ішінде BMW көлігі тұрғаны белгілі болады. Видеода блогердің шынайы таңданысы мен құрбыларының қуанышын анық көруге болады. «Сен кімсің, жауынгер?!  Шок боп тұрмын, достар...  +1 машина деп айтайын ба, не болып кетті? Бір айналып келем, тауып қойыңдаршы» – деп жазды Анеля өз әлеуметтік желісінде. Алайда желі қолданушылары бұл тосынсыйдың шынайылығына күмән келтіріп, көлікті блогер өзіне өзі сыйлаған болуы мүмкін деп болжады. Кейбір қолданушылар бұл оқиғаның тек қаралым жинауға арналған қойылым екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. «Егер қателессем, ренжімеңіздер, бірақ қаралым үшін халыққа өтірік қойылым жасау дұрыс емес. Ертең осы көлікті сатқанын көрсетіп шығарады», «Қуаныш жақсы, бірақ өтірік контент жас өскіндерге жалған стандарт орнатады», – деп пікір қалдырғандар бар.