Қоғам

"Әйелін шәкіртіне берген": ҚМДБ желіде талқыға түскен оқиғаға қатысты пікір білдірді

Аталған азаматтың діни басқармада жұмыс істемейтінін айтты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен Құрбанәлі Ахметтің журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатына қатысты пікір білдірді. Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы аталған азаматтың діни басқармада қызмет етпейтінін және онымен ешқандай байланысы жоқ екенін қадап айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Смайыл Сүйерқұлұлы ажырасу мәселесіне қатысты шариғи түсініктеме бере отырып, жұбайын әдейі ажыратып, басқа біреуге тұрмысқа шығуға үгіттеу шариғатта құпталмайтын іс екенін атап өтті.

Даудың басы Құрбанәлі Ахметтің сұхбат кезінде айтқан сөздерінен басталған болатын. Ол бірінші әйелінің рұқсатынсыз екінші әйел алғанын және кейіннен сол жарымен ажырасып, оны өз шәкіртіне тұрмысқа бергенін айтып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Оның бұл әрекеті қоғамда «әйел құқығын таптау» ретінде бағаланды.

Оқиғадан соң Алматы қаласы Дін істері басқармасы шұғыл шара қолданып, Құрбанәлі Ахметті әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салынды.