Тұрлыхановтың ұлы бостандыққа шықты
Ол жазасын толық өтеген.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат жаза мерзімін толық өтеп, бостандыққа шықты. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) растады. Ведомствоның мәліметінше, сотталған азамат заңмен белгіленген мерзімді аяқтауына байланысты босатылған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Нұрасыл Болаттың ісі 2023 жылдан бері қоғам назарында болды. Алматыда заңгерлер Анна мен Олег Черновтарды соққыға жыққаны үшін алдымен оған айыппұл салынған еді. Алайда 2024 жылдың мамырында Жоғарғы сот үкімді қайта қарап, жазаны екі жылға бас бостандығын шектеуге ауыстырды.
Жазасын өтеу кезінде Нұрасыл Болат бірнеше рет тәртіп бұзды. 2024 жылдың жазында оның түнде Алматы көшелерінде жүрген видеосы тараса, күзде шектеулерге қарамастан тойда жүргені анықталды. Осыдан кейін сот жазаны қатаңдатып, оны жалпы режимдегі колонияға жіберу туралы шешім шығарды.
2025 жылы Болаттың қорғаушылары жазаны жеңілдетуге (айыппұлмен ауыстыруға) тырысқанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сот алқасы сотталушының түзелу жолына түскенін дәлелдей алмағанын алға тартқан болатын. Нәтижесінде ол тағайындалған мерзімді темір тордың арғы жағында соңына дейін өтеп шықты.