Ұлттық қордан бөлінген 64 млрд теңге мақсатсыз жұмсалған – Жоғары аудиторлық палата
Қазақстанда Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына жүргізілген тексеру нәтижесінде 64 миллиард теңгенің тиімсіз әрі мақсатсыз пайдаланылғаны анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәлімдеп, бірқатар бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер тіркелгенін хабарлады.
2023–2024 жылдары жүргізілген аудит барысында Ұлттық қордан бөлінген қаржының игерілуіне кешенді талдау жасалған. Нәтижесінде жауапты органдарға қаржылық тәртіпті күшейту және тиімсіз жұмсалған қаражатты қайтару жөнінде нақты ұсынымдар жолданды.
Аудиторлар жобаларды іріктеу сапасын арттыру, қаражаттың соңғы алушыға дейін жетуін толық бақылауға алу және квазимемлекеттік сектордың қарыздарын мерзімінен бұрын өтеу қажеттігін атап өтті.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесіне арналған комиссия отырысында жүйелі кемшіліктер бар екенін ашық айтты.
Оның айтуынша, басты проблемалардың бірі – Ұлттық қорды басқаруға жауапты бірыңғай органның жоқтығы. Қазіргі таңда бұл функциялар бірнеше ведомство арасында бөлінген.
Аудит барысында құны 394 миллиард теңгені құрайтын 500-ден астам жобаның не алып тасталғаны, не іске асыру барысында өзгертілгені белгілі болды. Сонымен қатар Ұлттық қор есебінен қаржыландырылмауы тиіс бірқатар жергілікті деңгейдегі жобалар да қолдау тапқан.
Тексеру нәтижелері қаражатты мақсатсыз қайта бөлу фактілерін де ашып көрсетті. Мәселен, ауыл медицинасына арналған қаржы қалалық нысандарға жұмсалған, бұрын сатып алынған жабдықтарға қайта қаржы бөлінген. Кей өңірлерде сатып алу көлемі жоспардан екі есе асып кеткен.
Сондай-ақ облигациялық қаржыландыруды бақылаудың әлсіздігі, тиімсіз жобаларды қолдау және жеңілдікті несиелерді мақсатсыз пайдалану жағдайлары тіркелген.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану жөнінде нақты міндет жүктегені айтылды.
Айта кетейік, аудит қорытындысы бойынша тиімсіз жұмсалған 64 миллиард теңгені бюджетке қайтару, бақылау тетіктерін күшейту және жобаларды іріктеу жүйесін қайта қарау ұсынылды. Сарапшылар бұл шаралар қаржының ашықтығын арттырып, Ұлттық қор қаражатының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді деп отыр.