Спорт

Галышева спорттағы мансабын аяқтады

Ол фристайлды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосты.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасында аты аңызға айналған Юлия Галышеваның халықаралық аренадағы спорттық мансабын ресми түрде аяқтауына арналған баспасөз конференциясы өтті, – деп хабарлайды  Oimaqnews.kz Aikyn.kz.сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов пен фристайл-могулдан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елена Круглыхина қатысты.

Юлия - могулдан Олимпиада ойындарының жүлдесін иеленген (Пхёнчхан-2018, қола) Қазақстан тарихындағы жалғыз спортшы және осы дисциплина бойынша тұңғыш Әлем чемпионы (2019). Ол - бес бірдей Олимпиада ойындарына (Ванкувер-2010, Сочи-2014, Пхёнчхан-2018, Бейжің-2022 және Милан-Кортина-2026) қатысқан бірегей атлет. Оның қоржынында әлем біріншіліктерінің барлық дәрежедегі марапаты, Әлем кубогы кезеңдерінің және қысқы Азия ойындары мен Универсиадалардың алтын медальдары бар.

Басқарма ақпаратынша, БАҚ өкілдерімен өткен сұрақ-жауап сессиясында Юлияның мемлекеттің спорттық имиджін қалыптастыруға және фристайлды дәріптеуге қосқан өлшеусіз үлесі талқыланды.

Чемпионның өзі жаттықтырушылар құрамына, командасына және барлық жанкүйеріне көпжылдық сенімі мен қолдауы үшін шексіз алғысын білдірді. Кездесудің ресми бөлігі салтанатты фотосессиямен аяқталып, отандық спорт тарихындағы жарқын кезеңнің түйінін қойды.