Саясат

Мемлекет басшысы Қауіпсізідк кеңесінің отырысын өткізді

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Жиында Президенттің төрағалығымен 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының іске асырылу қорытындылары қаралды. Үкімет негізгі көрсеткіштердің орындалуы туралы есеп беріп, бірқатар мемлекеттік орган басшылары өз бағыттары бойынша баяндама жасады.

Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, қоғамдық, экономикалық, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігін күшейту қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ отырыста 2026-2030 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы талқыланды. Бұл құжат алдағы бес жылда туындауы мүмкін қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың негізгі тәсілдерін айқындайды.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин орта мерзімді басымдықтар, мақсатты көрсеткіштер және стратегиялық тәуекелдерді басқару тетіктері туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ел дамуы жаңа кезеңге өткенін айтып, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықты қорғаудың маңызына тоқталды. Оның сөзінше, жаңа стратегия осы қағидаттарды нығайтып, тұрақты дамуға жол ашады.

Президент ұлттық мүддені қорғау бағытындағы міндеттерге ерекше назар аударды. Олардың қатарында қорғаныс қабілетін арттыру, азаматтар мен қоршаған ортаны қорғау, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және әлеуметтік-экономикалық тәуекелдерді азайту бар.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы экономика, білім және технология салаларында сұранысқа ие шетелдік мамандарды тартуға арналған бағдарламаны жедел әзірлеуді тапсырды.