Қазақстандық танымал AIRAN YouTube-жобасы өз жұмысын ресми түрде тоқтатты. Бұл туралы AIRAN MEDIA редакциясы өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Жоба ұжымы соңғы екі апта бойы туындаған қиындықтарды шешуге тырысқанын, алайда 13 наурыздан бастап тікелей эфирлер мен видео шығаруды толық тоқтатқанын жеткізді.
Редакцияның хабарлауынша, жабылудың басты себебі – қазіргі уақытта қалыптасқан саяси және қоғамдық жағдайларда жұмысты жалғастырудың мүмкін еместігі. Команда төрт жыл бұрын, яғни Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы соғыс басталған тұста таңдалған негізгі принциптерді ұстану қазіргі жағдайда қиындап кеткенін ашық айтты.
«Әлемдегі және елдегі жағдай солай, біз оны елеусіз қалдыра алмаймыз», — делінген ресми хабарламада.
Дегенмен жоба авторлары бұл жағдайды трагедия ретінде қабылдамауға шақырады. Олар төрт жыл ішінде сапалы контент жасап, қоғамда түрлі пікірлердің туындауына септігін тигізгендеріне риза. Команда өздерін қолдаған көрермендерге де, «Айран ашып кетті» деп қуанғандарға да алғыс білдіріп, мұны сау қоғамның белгісі деп бағалады.
AIRAN жобасы өзінің өткір репортаждарымен және қоғамдық-саяси тақырыптарды талқылауымен танымал болған еді. Редакция алдағы уақытта команданың басқа форматта оралатыны немесе мүлдем таратылатыны туралы нақты ақпарат берген жоқ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





