Талғардағы жұртты дүр сілкіндірген оқиға бойынша учаскелік полицей сотталды
Талғар ауданында адам ұрлау, зорлау, кісі өлтіру ісі бойынша учаскелік инспекторы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.
Полиция қызметкері салғырттық танытып, қызметтік жалған құжат жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оның бұл әрекетінің салдарынан ер адамның кісі қолынан қаза тауып, бала ұрланды.
Жәбірленуші тараптың адвокаттары Асылбек Абдраимов пен Жандос Палмановтың мәліметінше, Талғар аудандық соты учаскелік инспектор Е.-ні екі бап бойынша кінәлі деп таныды:
Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлімі – “Ауыр зардаптарға әкелген салғырттық";
369-баптың 2-1 бөлімі – “Құқық қорғау органдары қызметкерінің қызметтік жалған құжат жасауы”.
Адвокаттардың айтуынша, 369-бап бойынша сот 2 жыл 2 ай, 371-бап бойынша 2 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Нәтижесінде сот 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол қауіпсіздігі орта мекемеде жазасын өтейді. Учаскелік инспектор Е. сот залында қамауға алынды.
Сонымен қатар сот оны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға құқығынан және арнайы лейтенант атағынан айырды. Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап арызын қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу ретінде 3 миллион теңге өндіруді міндеттеді.
Айта кетейік, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, тараптар оны аппеляциялық тәртіппен қайта қарауға құқылы.
2025 жылы 3 қыркүйекте, қайғылы оқиғаның алдында үш күн бұрын, инспектор жәбірленуші әйелдің шақыртуына барған. Сол күні әйелдің үйіне мылтықпен келген ер адам барған. Әйелдің айтуынша, ер адам бұрын оны зорлаған.
Зардап шеккен отбасының адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, инспектор қорғаныс қаулысына әйелдің қолына ұқсатып өзі қол қойған.
Заң өкілі сараптама қолдың әйелге тиесілі емес екенін көрсеткенін айтты. Адвокаттың сөзінше, сотта айыпталушы қолдың жалған екенін мойындаған.
2025 жылғы 6 қыркүйекте ер адам достарымен бірге әйелдің үйіне келіп, оның 27 жастағы ағасын атып өлтіріп, қызын алып кеткен. Ер адам оқиға орнында көз жұмды. Оның артында үш баласы мен жүкті жары қалды. Қыз бала кепілде ұсталған. Қуғын кезінде күдікті көлікпен бірге жардан құлаған. Бала жарақат алып, кейін ота жасалды. Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы зорлау күдігімен ұсталып, кейін босатылған, ал артынан кісі өлтіру мен адам ұрлауға барған азаматты босатқан Талғар аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, сотқа төрт полиция қызметкерінің ісі жеткен. Онда екі учаскелік инспектор (салғырттық және қызметтік жалғандық бойынша), ал екі тергеуші (лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және әрекетсіздік бойынша) айыпталып жатыр.
Аталған іс бойынша үш адам күдікті ретінде өтіп жатыр. Негізгі фигурант азамат Е бірден 12 бап бойынша айыпталып отыр:
99-бап 2-бөлік 7-тармақ – адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру
125-бап 3-бөлік 2-1-тармақ – кәмелетке толмағанды тарта отырып адам ұрлау
120-бап 1-бөлік – зорлау
121-бап 1-бөлік – күш қолдану арқылы сексуалдық сипаттағы әрекеттер
190-бап 3-бөлік 4-тармақ – адамдар тобы болып жасалған алаяқтық
147-бап 5-бөлік – жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу (оның ішінде интернет-платформаларда дербес деректерді заңсыз тарату)
149-бап 2-бөлік – тұрғын үйге заңсыз кіру
115-бап – кісі өлтіремін деп қорқыту
287-бап 3-бөлік – қаруды заңсыз жасау
288-бап 1-бөлік – қаруды заңсыз сақтау
200-бап 1-бөлік – автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену
132-бап 4-бөлік – кәмелетке толмағанды қылмысқа тарту
Ал кәмелетке толмаған А және К екі эпизод бойынша айыпталуда: адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру және кәмелетке толмағанның қатысуымен жасалған адам ұрлау ісі. Белгілі болғандай, бұл оқиға қайғылы шарықтау шегіне дейін бір ай бұрын басталған. Ұрланған қыздың анасы бір ай бұрын зорлау фактісі бойынша полицияға арыз берген. Адвокат Гаухар Сариеваның айтуынша, сол кезде күдіктіге қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Қыркүйек айының басында отбасы күдіктіні өздері тауып, полицияға жеткізген, алайда ол қайтадан босатылған.