Бүгін – сахна саңлақтары үшін айтулы дата
Бүгін Дүниежүзілік театр күні тойланып жатыр.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева театр өнерінің барлық өкілін Дүниежүзілік театр күнімен құттықтады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде 70-тен астам театр жұмыс істейді, олардың 57-сі – мемлекеттік. Тек 2025 жылдың өзінде мемлекеттік театрларда 410 премьера сахналанып, 539 гастрольдік сапар ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, театрлардың дамуы – кез келген елдің мәдени деңгейінің маңызды көрсеткіші. Бүгінде Қазақстанда театр өнеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқаны анық байқалады. Көрермен сұранысы да барған сайын мазмұнды әрі талапшыл сипатқа ие болуда. Әсіресе, сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады.
Бүгінде елімізде 70-тен астам театр жұмыс істейді, олардың 57-сі – мемлекеттік. Тек 2025 жылдың өзінде мемлекеттік театрларда 410 премьера сахналанып, 539 гастрольдік сапар ұйымдастырылды», – деді А. Балаева.
Сондай-ақ, министр былтыр көрермендер саны 2,8 миллионнан асқанын және 2026 жылдың алғашқы тоқсанында республикалық театрлар 170 мыңнан астам көрерменге қызмет көрсеткенін мәлім етті.
Осы ретте мәдениет пен тарих мәселелерінің елдің Ата Заңында берік құндылық ретінде бекітілуі де ерекше маңызға ие. Жаңа Халықтық Конституцияда мемлекеттің қызметінің іргелі қағидаттарының қатарында ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау міндеттері айқын көрініс тапқан. Бұл Қазақстан үшін мәдениет қосалқы сала емес, қоғамдық дамудың және ұлттық бірегейліктің негізгі тіректерінің бірі екенін көрсететін маңызды бағдар.
Сонымен қатар Конституцияда тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарау, тарих пен мәдениет ескерткіштерін сақтау әр азаматтың міндеті ретінде бекітілген.
Бүгінде қазақстандық театрлар жаңа қойылымдарымен көрерменді қуанта отырып, халықаралық сахналарда ел абыройын асқақтатып келеді. Олар түрлі фестивальдерге қатысып, жоғары бағаларға ие болып, мәдени байланыстарды кеңейтуге өз үлесін қосуда.
Осы айтулы күні театр өнерінің барлық өкілдерін Дүниежүзілік театр күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге шалқар шабыт, шығармашылық табыс, өнер жолында жаңа жетістіктер тілеймін!», – деді ол.