Жынысына байланысты даудың астында қалған Иман Хелиф ресми түрде рингке қайта оралады
Париж Олимпиадасының чемпионы атанып, гендерлік дауға іліккен алжирлік боксшы Иман Хелиф Парижде өтетін кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетеді.
Француз БАҚ-тарының хабарлауынша, Иман Хелиф алдағы кәсіби жекпе-жектерге дайындық барысында тестостерон деңгейін төмендету үшін гормоналды терапиядан өткен.
Әйелдер арасындағы бұл бокс кеші 23 сәуірде Парижде өтеді. Аталған турнирге 2016 жылғы Рио Олимпиадасы чемпионы Эстель Моссели мен Еуропа чемпионы Марин Бопампа қатысады. Әзірге Иман Хелифтің қарсыласы белгісіз.
Еске салсақ, 2023 жылы Халықаралық бокс қауымдастығы Хелиф пен тайваньдық спортшы Линь Юйтинді әлем чемпионатынан шеттеткен еді.
Себебі IBA президенті Умар Кремлев жыныстық тестілеу барысында оларда "еркектік XY хромосомасы" анықталғанын мәлімдеген.
Алайда Халықаралық Олимпиада комитеті екі спортшыға да Париж Олимпиадасына қатысуға рұқсат беріп, нәтижесінде олар алтын медаль жеңіп алды.