Әлеумет

Маңғыстауда туған Атазаң есімді нәрестеге Түркістаннан аттасы арнайы келді

Маңғыстауда референдум күні дүниеге келген Атазаң есімді нәрестеге Түркістаннан 16 жастағы аттасы арнайы келді. Ерекше жүздесу облыстық перзентханада өтті.

Жаңа туған нәресте бүгін үйіне шығарылды. Түркістандық Атазаң Дохтырхан осыған орай әкесімен бірге келген.

Айта кетейік, бұл есім тек осы екі адамға ғана қойылған. Кішкентай Атазаң ата-анасының тоғызыншы перзенті екен. Шекесі торсықтай ұл төрт келіден аса салмақпен туған.

Ал оның аттасы қазір колледжде автоэлектрик бөлімінде оқиды. Айтуынша, кішкентай кезінде оның есімі балаларға тосын көрінген. Дегенмен өсе келе, есімінің мағынасын түсініп, оны мақтанышпен қабылдай бастаған. Кездесуде түркістандық жігітке Маңғыстау облысы атынан білім гранты табысталды.

Айта кету керек, қос Атазаңның есімін ата-аналары үлкен үмітпен қойған.

"Кішкентай кезімде мені көп мазақтайтын. Содан кейін өзіме ат шығарып алғам, "Димаш" деп айтыңдар деп. Содан кейін үйдегілер айтты. Ал достарым әлі мазақтайды. Содан кейін барып айтпай кетті. "Атазаң деп айта беріңдер" деп айттым оларға. Күшті, ұнап жатыр. Бірінші рет келдім, мынадай теңіз жағасына. Бәрі керемет! Ақтаудағы Есенов университетіне түсемін", - дейді Атазаң Доқтырхан.