Денсаулық сақтау министрлігі Наурыз мейрамына байланысты азаматтарға үндеу жасады
Денсаулық сақтау министрлігі Наурыз мейрамына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасап, бірқатар талапты сақтау қажеттігін ескертті.
Министрлік барша жұрт асыға күтетін көктемнің шуақты мерекесі – Наурыз мейрамы жақындап келе жатқанын еске салды.
"Мерекеге дайындық барысында халық жаппай азық-түлік сатып алады, ата-аналар балабақшалар мен мектептерге тағам апарады, қалалар мен елді мекендерде жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Мерекелік іс-шаралар кезінде тағамнан улану мен инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында бірқатар талаптарды сақтау қажет", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты ведомство мына талатаптарды ескеруге шақырады.
Іс-шараларды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға:
іс-шаралар кестесін құрып, аумақтар бойынша бөліп, қатысушылар санын алдын ала жоспарлау;
адамдардың жаппай шоғырлануына жол бермеу;
тағам өнімдерін дайындау және өткізу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау;
үй жағдайында дайындалған өнімдерді сатуға тыйым салу;
сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналды арнайы киіммен қамтамасыз ету, санитариялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету;
тез бұзылатын өнімдерді сату кезінде жеткілікті мөлшерде тоңазытқыш жабдықтарымен және бір рет қолданылатын ыдыспен қамтамасыз ету;
белгісіз жеткізушілерден алынған үй жағдайында дайындалған өнімдерді (наурыз көже, айран және т.б.) сатуға жол бермеу;
өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз ету.
Халыққа арналған жадынама:
қауіпсіз тағам өнімдерін таңдау. Ата-аналар балаларға берілетін тағамның жас ерекшеліктеріне сай болуына ерекше көңіл бөлу;
жарақаттанудың алдын алу үшін, әсіресе балалармен бірге, адамдар көп жиналатын орындардан (алтыбақан, спорттық жарыстар) аулақ болуға тырысу.
Ұйымдастырылған ұжымдарда (мектептер, балабақшалар): ата-аналар қауымы мен білім беру ұйымдарының әкімшілігі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтау талаптары мен мерзімі сақталмаған жағдайда жаппай улануға әкелуі мүмкін үй жағдайында дайындалған өнімдерді тұтынуға тыйым салуы қажет.