Дональд Трамп Тоқаевқа хат жолдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ президенті Дональд Трамптан хат келіп түсті. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Айбек Смадияровтың айтуынша, Америка көшбасшысы ақпан айында Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиыны аясындағы Қазақстан президентімен кездесуді ықыласпен еске алған.
"Құрама Штаттардың президенті мемлекет басшысын Бейбітшілік кеңесінің келесі отырысында және жыл соңына қарай Майамиде өтетін G20 саммитінде күтетінін жеткізді", - деді Айбек Смадияров.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойған еді. Бұл үшін президент Трамптың шақыруымен Давосқа барды.
19 ақпанда мемлекет басшысы Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, сөз сөйледі.