Жолдардағы су тасқыны қаупі төмендеді
ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісінде су тасқынына қарсы кешенді іс-шараларды жедел түрде жүзеге асыруда.
Жұмыстар еліміздің барлық өңірлерін қамтып, көктемгі қар еру кезеңінде еріген және тасқын суларды кедергісіз өткізуге, сондай-ақ жол инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайтын автожол желісінде 1 335 көпір және 15 467 су өткізу құбыры бар, бұл нысандар көлік жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі элементтер болып саналады.
2026 жылғы 16 наурыздағы жағдай бойынша жол саласының су тасқыны кезеңіне толық техникалық дайындығы қамтамасыз етілді. Соңғы жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде су басу қаупі бар учаскелер саны айтарлықтай азайды: 2022 жылы 396 учаске тіркелсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 229-ға дейін төмендеп, 43%-ға қысқарды. Бұл нәтижеге жол-құрылыс саласында қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, сондай-ақ заманауи инженерлік шешімдерді енгізу арқылы қол жеткізілді.
Инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыруға ерекше мән берілуде. 2025 жылы барлығы 582 су өткізу құбыры орнатылды, оның ішінде 162-сі қайта жаңарту аясында, 54-і күрделі жөндеу кезінде, ал 366-сы орташа жөндеу барысында жүзеге асырылды. Су тасқыны кезеңі қарсаңында 15 028 су өткізу құбыры ашылып, олардың толыққанды жұмыс істеуі қамтамасыз етілді.
Жол қызметтері күшейтілген дайындық режимінде жұмыс істеуде. Ықтимал қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету үшін 2 453 бірлік арнайы техника дайындалды. Ауа температурасының күрт көтерілуі мен жауын-шашын түсуі жағдайында жол төсемінің сақталуын және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар шұғыл түрде қабылданады.
Сонымен қатар көпір құрылыстарының сенімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы стратегиялық маңызы бар учаскелерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы мен Қостанай облысы аумақтарында орналасқан 5 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл өз кезегінде көлік дәліздерінің су тасқыны кезеңіндегі тұрақтылығын едәуір күшейтті.
Су тасқынына дайындық жұмыстары жыл бойы кешенді түрде жүргізіледі. Жаз мезгілінде су өткізу құбырлары жоспарлы түрде тазартылып, қыс мезгілінде қар басудың алдын алу мақсатында жабылады. Қыс кезеңінде шұғыл әрекет етуге қажетті инертті материалдар қоры алдын ала дайындалады.
Қазіргі таңда айтарлықтай материалдық-техникалық резерв қалыптастырылған. Атап айтқанда, 86 мың текше метрден астам материал, оның ішінде құм, құм-қиыршық тас қоспасы, қиыршық тас, кесек тас және топырақ қоры жасақталды. Сонымен қатар 279 мыңнан астам қап және 706 мың литр жанар-жағармай қоры әзірленді. Бұл ресурстар гидрологиялық жағдайдың кез келген өзгерісіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Жол желісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 219 карьер жұмылдырылған. Олар қажетті инертті материалдармен үздіксіз қамтуды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта материалдарды тәуекел деңгейі жоғары учаскелерге жеткізудің логистикалық сызбалары пысықталып, ықтимал қауіпті аймақтар маңында жедел қорлар қалыптастырылуда.
Еліміздің барлық өңірлерінде су өткізу құбырларын ашу жұмыстары жалғасуда. Солтүстік өңірлерде бұл жұмыстар нақты ауа райы жағдайларын ескере отырып жүргізілуде, бұл еріген суларды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Жол қозғалысына қатысушыларды ақпараттандыру мақсатында тәулік бойы 1403 байланыс орталығы жұмыс істейді. Орталық арқылы автожолдардың жай-күйі мен енгізілген шектеулер туралы өзекті ақпарат ұсынылады.