Польшада жоғалған қазақстандық азамат Шилованың денесі табылды
Жоғалған күні оның қалтасында ақшасы болған.
Польшада із-түзсіз жоғалып кеткен Қазақстан азаматы Екатерина Шилова өлтірілгені белгілі болды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде Екатерина Шилованы Варшава қаласынан өлі күйінде тапқаны, оның өлтірілгені туралы ақпарат тарады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Польша аумағында Қазақстан азаматы Екатерина Шилованың қаза тапқанын растады.
Еске салсақ, Талдықорған қаласының тумасы Екатерина Шилованың Варшавадан Астанаға ұшатын ұшаққа билеті болған. Оның әпкесінің айтуынша, 18 ақпан күні шамамен сағат 17:00-де Екатерина әкесіне келесі күні Қазақстанға ұшатынын жазған. Ол әуежайға өзін бөлме жалдап тұрған пәтердің иесінің күйеуі апарып тастайтынын айтқан. Сондай-ақ 15 наурызға кері билет те алып қойғанын хабарлаған.
Сол күні кешке ол соңғы хабарламасын жіберген – ұшар алдында жүк салмағын тексеру үшін дүкенге түсіп бара жатқанын жазған, өйткені артық салмақ болмауын қалаған. Осыдан кейін байланысқа шықпаған.
Кейінірек туыстары оның телефонынан күмәнді хабарлама алған.
Туыстары бұл мәтінді Екатеринаның өзі жазбағанына сенімді. Әпкесінің айтуынша, оның жоспарды осылай кенет өзгертуі өзіне тән емес, ал хабарламадағы сөз тіркестері де күмән тудырады.
Әпкесінің айтуынша, Екатерина екі жыл бұрын Талдықорғандағы агент арқылы Польшаға жұмыс істеуге кеткен. Варшавада кір жуатын жерде (прачка) жұмыс істеген. Соңғы жарты жылда Украинадан келген ерлі-зайыптының үйінде тұрып, солардан бөлме жалдап тұрған.
Жоғалған күні оның қасында ақша болған – ол Польшада тапқан табысын Қазақстанға алып қайтпақ болған.