Әлеумет

Жетісуда ТЖД қызметкері ерлікпен қаза тапты

Жетісу облысында құтқару жұмыстары кезінде ТЖД қызметкері Дамир Таранов қызметтік борышын атқару барысында ерлікпен қаза тапты.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 7 наурызда Жетісу облысы Панфилов ауданы Атамекен ауылдық округіндегі Алтынкөл көлінде балық аулау кезінде мұз жарылып, салдарынан бір адам мұз кесегімен бірге көлдің ортасына қарай ағып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына Жетісу облысының ТЖД күштері мен құралдары, Жаркент қаласындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, Талдықорған қаласының жедел-құтқару жасағы, сондай-ақ ҚР ТЖМ "Барыс" республикалық құтқару қызметінің және Алматы облысы ТЖД құтқарушылары жіберілген.

"Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында мұз қайтадан жарылып, соның салдарынан Панфилов ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің №11 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Таранов Дамир Таиржанович қаза тапты", - делінген хабарламада.

Дамир Таранов 1994 жылғы 28 маусымда дүниеге келген. Азаматтық қорғау жүйесіндегі еңбек жолын 2012 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, бастаған. 2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында қызмет атқарып, Панфилов ауданы мен Қапшағай қаласының өрт сөндіру бөлімдерінде жауапты лауазымдарда еңбек еткен.

Кейінгі жылдары Жетісу облысы Панфилов ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып, өзін тәжірибелі маман әрі сауатты басшы ретінде көрсетіп, әріптестерінің арасында құрметке ие болған.

"Ол соңына дейін антына адал болып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында қызметтік борышын орындады", - делінген хабарламада.

Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалған. Жетісу облыстық ТЖД марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.