Қоғам

8 наурыз қарсаңында алаяқтар көбейеді: Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады

Көбіне олар азаматтарға гүл немесе сыйлық жеткізу рәсімделгенін айтып, «тапсырысты растау үшін» SMS арқылы келген кодты сұрайды.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында алаяқтық фактілері жиілеуі мүмкін, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.

Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырып, мереке күндері интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақтануға кеңес берді.

Алаяқтар сізге тапсырыс бар деп код сұрайды

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар мереке кезіндегі қарбаласты пайдаланып, адамдардың ақшасы мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады. Әсіресе гүлдер мен сыйлықтарға тапсырыстың көбейгенін және онлайн төлемдердің артқанын пайдаланып, түрлі сылтаумен хабарласуы мүмкін.

Сондай-ақ жалған ұтыс, акция немесе бонус туралы хабарлап, телефонға келген растау кодын айтуға көндіруге тырысады. Кей жағдайда өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьерлік компания қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін.

Бас прокуратура мұндай кодтардың қаржылық операцияларды растауға арналған құпия құрал екенін еске салды.

Жалған жарнамаға алдаңбаңыз

Сондай-ақ мереке қарсаңында әлеуметтік желілерде жалған дүкендер де көбейетіні айтылды. Алаяқтар Instagram мен TikTok платформаларында гүлдер мен сыйлықтарды арзан бағамен ұсынып, алдын ала төлем сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін мұндай парақшалар жабылып, сатушымен байланыс үзілетін жағдайлар кездеседі.

Ведомство күмәнді жағдай туындаса, банкке ресми нөмір арқылы хабарласып, қажет болса құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды. Мамандардың айтуынша, қарапайым цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау азаматтардың қаржысы мен жеке деректерін қорғауға көмектеседі.