Әлем

АҚШ қару-жарақ өндірісін тағы да арттырмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі ірі қорғаныс компаниялары қару-жарақ өндірісін ұлғайтуға келіскенін мәлімдеді.

Бұл туралы ол 6 наурыз күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.

Мемлекет басшысы қорғаныс өнеркәсібі жетекшілерімен арнайы кездесу өткізген. Жиында қару-жарақ өндірісінің көлемі мен жеткізу мерзімдері талқыланған. Кездесуге BAE Systems, Boeing, Honeywell Aerospace, L3Harris Missile Solutions, Lockheed Martin, Northrop Grumman және Raytheon компанияларының бас директорлары қатысқан.

Трамптың айтуынша, тараптар өндіріс көлемін бірнеше есе арттыруға келіскен.

Оның сөзінше, өндірісті кеңейту жұмыстары бұл кездесуден үш ай бұрын басталған. Қазір аталған қару түрлерінің басым бөлігі зауыттарда шығарылып жатыр. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарын ашу үшін АҚШ-тың әртүрлі штаттары арасында бәсеке күшейген.

АҚШ президенті бұл мәселе бойынша тағы бір кездесу өтетінін де айтты. Оның сөзінше, қорғаныс өнеркәсібіне қатысты келесі жиын шамамен екі айдан кейін жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Иранмен қандай да бір келісім тек оның «сөзсіз тізе бүгуі» жағдайында ғана мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, кейін АҚШ одақтастарымен бірге Тегеранның экономикасын қалпына келтіруге көмектесуі мүмкін.