жұма, 6 наурыз, 2026 13:57

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Солтүстік Қазақстан облысында екі соттың экс-төрағалары жемқорлық пен алаяқтық үшін сотталды

Солтүстік Қазақстан облысында екі соттың экс-төрағалары жемқорлық пен алаяқтық үшін сотталды
Фото: Аstanatv.kz
Солтүстік Қазақстан облысында екі соттың бұрынғы төрағасы жемқорлық пен алаяқтық үшін сотталды. Олар кәсіпкерлерден істерді өз пайдасына шешіп беру үшін ірі көлемде пара алған.

Солтүстік Қазақстан облысында жемқорлық пен алаяқтыққа қатысты резонанс тудырған іс бойынша үкім шықты. Айыпталушылар орнында екі соттың бұрынғы төрағалары, бірнеше кәсіпкер және заңгер болды. Тергеу материалдарына сәйкес, олар ақша үшін түрлі істер бойынша "көмек" көрсетіп отырған.

Мәселен, негізгі фигуранттардың бірі мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың бұрынғы төрағасы Бекбол Баймаханов жер телімі бойынша даулы істі белгілі бір тараптың пайдасына шешу үшін 50 мың доллар талап еткен.

Тағы бір жағдайда Баймаханов №2 қалалық соттың төрағасы Ерлан Ибраевпен сөз байласып, жол жөндеу жұмыстарын сапасыз орындаған кәсіпорынды жосықсыз деп танымай қою үшін 2,5 миллион теңге көлемінде сыйақы алған.

Сонымен қатар, кәсіпкерді банкрот деп тану үшін одан 2 миллион теңге пара алғаны да дәлелденді. Осылайша кәсіпкер қарызын заңсыз жолмен төлемеуден құтылмақ болған. Айыпталушылар өз кінәларын мойындамады.

Петропавл қалалық сотының судьясы Асем Джаналина үкімді жариялады.

"Баймаханов Бекбол Алғибайұлын 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ибраев Ерлан Тенбаевич Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін. Сонымен қатар оған өмір бойы мемлекеттік қызметте, судьялықта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында қызмет атқаруға тыйым салынады. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді", – делінген судья хабарламасында.

Сот пара берген тұлғаларды да жазалады. Заңгер Иванов 6 жылға, кәсіпкерлер Мелконян мен Погосян тиісінше 4 жылға және 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар