Қоғам

Жекеменшік мектептерге мемлекеттік қаражат бөлу тәртібі өзгереді – Жұлдыз Сүлейменова

Жекеменшік мектептермен байланыс Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асырылмақ.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жеке меншік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысты жаңа тәртіп енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Oimaqnews.kz жазды. 

Министрдің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі бірлесіп әзірлеген бұйрыққа еліміздің барлық 20 өңірінің әкімдігі келісім берген. Қазіргі уақытта құжат жергілікті атқарушы органдарда тіркеліп жатыр.

Жаңа тәртіпке сәйкес, бөлінген қаржы алдымен жергілікті атқарушы органдардың қарауына түседі. Кейін әкімдіктер бұл қаражатты қаржы орталығына аударады. Ал қаржы орталығы жеке меншік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша операторлық қызмет атқарады.

Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы ұйымдастырушылық жұмыстар толық аяқталып, негізгі мәселелер шешімін тапқан.

Сонымен қатар, алдағы уақытта жекеменшік мектептермен байланыс Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүзеге асырылмақ.