Щучинскідегі дәмханада болған жарылыстан қаза тапқандар саны артты
Дәрігерлердің мәліметінше, 3 наурыз күні ауруханада тағы бір зардап шегуші көз жұмған.
Қаза тапқандар саны сегізге жетті
Ақмола облысындағы «Центр плова» дәмханасында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар саны сегізге жетті. Дәрігерлердің мәліметінше, 3 наурыз күні ауруханада тағы бір зардап шегуші көз жұмған.
Зардап шеккендердің жағдайы
Қазіргі уақытта қалған науқастар емдеу мекемелерінде дәрігерлердің бақылауында. Ақмола көпбейінді облыстық ауруханасында төрт адам ем қабылдап жатыр.
Олардың үшеуінің жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты деп бағалануда. Ал төртінші науқастың жағдайы өте мүшкіл. Денесінің 85 пайызын күйік шалған ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Оқиға қалай болды?
Еске сала кетейік, 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, артынша өрт шыққан.
Оқиға салдарынан 26 адам зардап шегіп, жеті адам сол жерде қаза тапқан еді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.