Әлем

Иранның жоғары басшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапты

Fars агенттігі Хаменеитің жұмыс орнында, резиденциясында қаза тапқанын хабарлаған.

Иранның жоғарғы басшысы, аятолла Әли Хаменеи АҚШ пен Израильдің операциясының нәтижесінде қаза тапты, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты 1 наурыз, жексенбі күні таңертең Иранның мемлекеттік агенттіктері Tasnim, IRNA, ISNA, Mehr және Fars растаған. Fars агенттігі Хаменеитің жұмыс орнында, резиденциясында қаза тапқанын хабарлаған. Ол 28 ақпанның таңертеңінде қаза тапты, деп жазады агенттік.

Өкінішті жағдайдан кейін ел үкіметі 40 күн бойы жалпыұлттық аза тұту, сондай-ақ 7 күндік демалыс жариялады. Соңғы 36 жыл бойы Ислам Республикасын басқарған Хаменеи қаза тапты.

IRNA агенттігі үкіметтің мәлімдемесіне сілтеме жасап: “Бұл ұлы қылмыс ешқашан жауапсыз қалмайды және ислам әлемі мен шиизм тарихында жаңа бетті ашады”, — деп жазды.

Сол күні кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп аятолла Хаменеи қайтыс болғанын айтты.

Израиль мен АҚШ-тың Иранға әскери операциясы

28 ақпан күні таңертең Израиль мен Америка Құрама Штаттары Тегеран мен Иран аумағындағы басқа да орындарға соққы жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп Ислам Республикасының ядролық бағдарламасын жою ниеті бар екенін айтты. Ол Иран армиясын қаруды тастауға, ал ел тұрғындарын “өз тағдырларын өз қолдарына алуға” шақырды.

Иран Қызыл Ай қоғамы мәліметіне қарағанда, соққылар салдарынан 201 адам қаза тауып, тағы 747 адам жараланған. Бұған дейін Ислам Республикасының билігі Минаб қаласында қыздарға арналған мектепте қаза тапқан 108 оқушы туралы хабарлаған. The Guardian газеті Минабта Ислам революциясының сақшылары корпусына тиесілі база бар екенін еске салады. Израиль мен АҚШ бұл ақпаратқа ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Иран өз кезегінде Израиль аумағына және Орта Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы жасады. Израильде төтенше жағдай жарияланды. Иранның жауап соққылары бүкіл өңірдегі басқа елдерді де қамтыды.

Еуропалық Одақ Орта Шығыс оқиғаларына терең алаңдаушылық білдірді. Германия, Франция және Ұлыбритания көшбасшылары өңірдегі елдерге жасалған ирандық шабуылдарды айыптап, Тегеранды келіссөздерге шақырды.