Спорт

Түркістандағы «Тұран» футбол клубы сатылымға шығарылды

Түркістан облысындағы кәсіби «Тұран» футбол клубы жекешелендіруге қойылды.

Сауда-саттық e-qazyna.kz порталы арқылы өтеді.

Бастапқы баға – 1 млн 54 мың теңге. Аукционға қатысу үшін 158 100 теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет. Сауда 2026 жылғы 3 наурызда Астана уақытымен сағат 10:00-де басталады. Сатушы – Түркістан облысының Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы. Хабарламада клуб бір ғана қатысушыға да сатылуы мүмкін екені көрсетілген.

Порталдағы талаптарға сәйкес, жаңа иесі 10 жыл бойы клубтың бағытын және штат санын сақтауға міндетті. Сондай-ақ клубқа инвестиция құюы, балалар мен жасөспірімдер академиясын ашуы, әйелдер командасын жасақтауы тиіс. Материалдық-техникалық базаға ие болып, соңғы бес жыл ішінде ірі стадиондармен келісімшарттары болуы шарт.

2027 жылдан бастап клуб Қазақстан Премьер-лигасына тұрақты қатысуы қажет. Бұдан бөлек, сатып алушының спорт саласында кемінде бес жылдық тәжірибесі болуы керек және клубты сенімгерлік басқаруға беруге немесе қайта сатуға рұқсат етілмейді.

Қаржылық есепке сәйкес, 2024 жылы клуб 258,3 млн теңге шығынға батқан. Ал 2023 жылғы шығын көлемі 148,1 млн теңгені құраған.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов футбол клубтарын коммерцияландыру бағытында инвесторлармен жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеген еді. Мемлекет басшысы да футбол клубтарын жекешелендіру үдерісін жеделдетуді тапсырған.

Соңғы уақытта елдегі бірнеше клуб жеке инвесторлардың басқаруына өтті. Бұл бастама кәсіби спортты нарық талаптарына бейімдеп, қаржылық тұрақтылықты арттыруды көздейді.