Экономика

Арнайы экономикалық аймақтарға 1,3 млрд доллар инвестиция тартылмақ

Қазақстан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын жаңғыртуға 1,3 млрд доллар тартуды көздеп отыр.

Бұл келісім Сауд Арабиясының Жидда қаласына жұмыс сапары барысында қол жеткізілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Ислам даму банкі президенті Мұхаммад Сулейман Әл-Жассермен келіссөз жүргізді. Кездесу қорытындысында банк пен Қазақстанның Өнеркәсіпті дамыту қоры арасында 1,3 млрд доллар көлемінде қаражат тарту жөнінде негіздемелік келісімге қол қойылды.

Қаражат арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылым салуға, инженерлік желілерді жаңартуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға жағдай жасауға бағытталады. Сонымен қатар 1,3 млн доллар көлемінде техникалық көмек ретінде грант бөлу туралы келісім жасалды.

Министрдің айтуынша, бұл құжаттар аймақтардың инфрақұрылымын жаңартуға берік қаржылық негіз қалыптастырып, Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы әріптестікті нығайта түседі.

Грант қаражаты экономикалық аймақтарды басқару жүйесін жетілдіруге жұмсалмақ. Атап айтқанда, басқару үдерістерін цифрландыру, заманауи әкімшілендіру тәсілдерін енгізу, басқарушы компаниялардың біліктілігін арттыру және ашық жұмыс үлгісін қалыптастыру жоспарланып отыр.

Күтілген нәтиже – инвестиция тарту қарқынын үдетіп, экспортқа бағытталған өндірістерді көбейту.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуді тапсырған болатын. Бұл алаңдар ел экономикасының өсуіне серпін беретін негізгі тетіктердің бірі ретінде қарастырылады.