Шымкентте 7 жастағы оқушыға қатысты күдік: мұғалім қамауға алынды
Әлеуметтік желілерде тараған мәлімет қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды.
Желі қолданушыларының жазуынша, 7 жастағы оқушы қызға сабақ үстінде әдепсіз әрекеттер жасалған.
Бұл ақпаратқа байланысты Шымкент қаласында кәмелетке толмаған балаға қатысты құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдікпен мектеп мұғалімі ұсталып, қамауға алынды.
Қалалық білім басқармасы оқиғаның “Нұртас” жекеменшік мектебінде болғанын растады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, информатика пәнінің мұғалімі тарапынан кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты заңға қайшы әрекеттер жасалғаны анықталған.
Өз кезегінде Шымкент қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ретінде қала тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полицияның мәліметінше, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу тобы кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп, куәгерлерден жауап алынуда.
Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екені айтылды. Барлық процессуалдық әрекеттер заң талаптарына сәйкес жүргізілуде.
Құзырлы органдар тергеу аяқталғанға дейін өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.