Саясат

Парламент тарағаннан кейін де депутаттар үш ай толық жалақы алады

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Курсив» басылымының сауалына берген жауабында мәлімдеді

Қазақстан Парламенті тараған жағдайда Мәжіліс пен Сенат депутаттарына тағы үш ай бойы толық жалақы төленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Курсив» басылымының сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл төлем депутат басқа жұмысқа орналасқанға дейін ғана беріледі.

«Парламент депутатына жұмысқа орналасқанға дейін немесе зейнеткерлік жасқа толғанға дейін ай сайын оның орташа айлық жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Бірақ бұл төлем өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспауы тиіс», — деп атап өтті ведомство өкілдері.

Бұл норма «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы, 5-1-тармағымен реттелген. Заңнамада бұдан басқа ешқандай қосымша төлемдер қарастырылмаған.

Жаңа жүйе: Құрылтай және бірпалаталы Парламент

Жаңа Конституция жобасына сәйкес, Қазақстан бірпалаталы парламент жүйесіне көшеді. Жаңадан құрылатын Құрылтайға партиялық тізім бойынша 145 депутат сайланбақ. Ал қазіргі қызметтегі қалған халық қалаулылары өз өкілеттігін тоқтатады.

Жоспар бойынша:

Қазіргі Парламент құрамы 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыс істейді;

Жаңадан құрылған Құрылтай өз жұмысын 2026 жылдың 1 қыркүйегіне қарай бастайды.