Жастар ақпаратты жылдам қабылдағанымен, оны ұзақ уақыт есте сақтай бермейді. Терең ойланып, талдап оқуға сабыр жетіспейді. Соның салдарынан ойлау мәдениеті әлсіреп бара жатқандай көрінеді. Ал бұл мәселенің ең тиімді шешімдерінің бірі – кітап оқу.
2025 жылы Adebіportal.kz платформасында жарияланған ұлттық сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 57,3%-ы жылына кемінде бір кітап оқиды (Adebіportal.kz, 2025). Алайда бұл көрсеткіш барлық жас санатын қамтиды. Жасөспірімдер арасында кітап оқу көбіне оқу бағдарламасымен ғана шектелетіні байқалады. 2024 жылы Informburo.kz сайтында жарияланған әлеуметтік сауалнамада жастардың шамамен 30–35%-ы көркем әдебиетті тек мектеп тапсырмасы үшін ғана оқитыны анықталған. Ал 20%-дан астамы бос уақытында мүлде кітап оқымайтынын айтқан (Informburo.kz, 2024).
Сонымен қатар, Publishing Research Quarterly журналында 2025 жылы жарияланған зерттеуде цифрлық форматтың жастардың оқу мәдениетіне әсері қарастырылған. Зерттеу нәтижесінде жасөспірімдердің 60%-дан астамы бос уақытын әлеуметтік желілерде өткізетіні, ал интернеттің тек 15–20%-ы ғана білім алу мақсатында қолданылатыны көрсетілген (Yessenbekova et al., 2025). Бұл деректер кітап оқу мәдениетінің әлсіреп бара жатқанын дәлелдейді.
Бүгінгі жастардың қолынан смартфон түспейтіні жасырын емес. Әлеуметтік желілер назарды тез бөліп, кітапты терең түсініп оқуға кедергі жасайды. Қысқа бейнелер мен жылдам ақпаратқа үйренген жасөспірім үшін бірнеше жүз беттен тұратын кітапты оқу қиын болып көрінуі мүмкін. Көптеген оқушылар кітапты қызығушылық үшін емес, міндет ретінде ғана оқиды. Ал әдеби шығарманың өмірмен байланысы ашылмаса, ол жасөспірімге қызықсыз болып көрінеді.
Бұл мәселені нақтырақ түсіну үшін Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназияның кітапханасынан сұхбат жүргізу барысында мектебіміздің кітапханашысынан бірнеше сұрағымызға жауап алдық. Кітапханашының айтуынша, 1–5 сынып оқушылары жоғарғы сынып оқушыларына қарағанда кітапты жиі оқиды. «Бастауыш сынып оқушылары кітапханаға жиі келеді. Олар ертегілерді, қызықты оқиғаларды іздейді. Кітап алуға өздері құлшынып тұрады. Ал 8–11 сынып оқушылары көбіне емтиханға, тестке дайындық кітаптарын ғана сұрайды», – дейді кітапханашы. Неліктен жоғарғы сынып оқушылары кітапты аз оқиды деген сұраққа ол кісі былай жауап берді: «Жоғарғы сыныпта оқу жүктемесі көбейеді. ҰБТ, қорытынды емтихандар, қосымша дайындықтар уақытты алады. Сонымен қатар жасөспірім кезеңде қызығушылықтар өзгереді. Телефон, әлеуметтік желі, достармен қарым-қатынас алдыңғы орынға шығады. Сол себепті көркем әдебиетке уақыт аз қалады». Ал кішкентай балаларда да телефон бар, олар неге кітап оқиды деген сұраққа кітапханашы: «Бастауыш сынып оқушылары ата-ананың бақылауында болады. Көп ата-ана баласына кітап оқып береді немесе бірге оқиды. Үйдегі тәрбие мен ата-ананың ықпалы өте маңызды. Егер ата-ана кітап оқыса, бала да соған еліктейді», – деп жауап берді. Бұл пікірлер кітап оқу мәдениетінің отбасымен тығыз байланысты екенін көрсетеді.
Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтетін, дүниетанымын қалыптастыратын рухани қазына. Ол тек білім беріп қана қоймай, адамды сабырлылыққа, жауапкершілікке, ойлы болуға тәрбиелейді. Кітаппен дос болған жан өмірге басқаша көзқараспен қарайды. Сондықтан кітап оқуды заманға сай ұсыну қажет. Электронды кітаптар, аудиокітаптар, мобильді қосымшалар жастар үшін қолайлы болуы мүмкін. Сонымен қатар мектепте шығармаларды қызықты әдістермен талдап, пікірталас ұйымдастырып, әдеби кейіпкерлерді өмірмен байланыстыра түсіндіру маңызды. Ең бастысы – кітапты міндет емес, қажеттілік ретінде қалыптастыру.
Қазақстанда жастардың кітапты аз оқуы – заманның ғана емес, қоғамның да мәселесі. Статистикалық деректер көрсеткендей, жасөспірімдердің едәуір бөлігі кітапты тек тапсырма үшін оқиды немесе мүлде оқымайды. Бұған цифрлық технологиялар, уақыт тапшылығы және мотивацияның төмендігі әсер етеді. Дегенмен, кітаптың құндылығы ешқашан жоғалмайды. Кітап оқитын жас – ойлай алатын, саналы, ел болашағына бейжай қарамайтын тұлға. Сондықтан кітап – өткеннің ғана емес, болашақтың да ең басты құндылығы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Adebіportal.kz. (2025). Қазақстандағы оқырман белсенділігі туралы ұлттық сауалнама.
Informburo.kz. (2024). Қазақстан жастарының кітап оқуына қатысты әлеуметтік зерттеу.
Yessenbekova, U. және т.б. (2025). The Impact of the Digital Format on Reading Culture. Publishing Research Quarterly.
Ақнұр ҚЫДЫРБАЙ
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






