Руханият

Бакуде өткен Түркологтардың Құрылтайына 100 жыл толды

Бұл жиын түркі халықтарының мәдени және ғылыми тарихындағы маңызды белес болып саналады.

Осыдан 100 жыл бұрын, 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында Бірінші Бүкілодақтық түркологтар съезі өтті.

Бұл жиын түркі халықтарының мәдени және ғылыми тарихындағы маңызды белес болып саналады.
Онда түркі халықтарының тілі, жазуы мен мәдениетін зерттеген алғашқы ірі ғылыми жиын болды.
1926 жылы Бакуде Бүкілодақтық түркологтардың бірінші құрылтайына кілең шығыстанушы, түркітанушы мықты ғалымдар қатысқан. Съезге барлығы 130 делегат қатысқан. Бірақ осы бір-бір елдің рухы мен туын көтеріп барған марғасқалар. Қазақстаннан 4 делегат барды. Олар – Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Біләл Сүлейұлы және Нәзір Төреқұл.
Бакуде өткен Бірінші Түркологиялық конгресс барша түркі халықтарының әлеуметтік және мәдени өмірінде ірі бетбұрысқа айналған елеулі оқиға саналды. Ол туралы А.Байтұрсынұлы «Түрік нәсілді жұрттардың өкілін жібермегені аз болар. Қалмақтар да адамын жіберген. Бір шеті Стамбул, екінші шеті Қиыр Күншығыстағы Жақыт – сол екі арадағы түрік нәсілді жұрттардың көбінің-ақ өкілдері болды. Бұрын қағаз жүзінде білісу болмаса, көрісуі жоқ түрік жұрттары бірін-бірі жүзбе жүз көріп танысты», деп ағынан жарылып жазады.
Кеңестік жүйеге бағынып, жаңа­ша өмір сүруді бастаған түркі ел­дері­нің рухани дамуына бұл тарихи съезд зор серпін береді.
Осы тұста Бакуде түркі халықтары өкілдерінен қырым татары профессор Б.В.Чобан-заде, түрік профессоры И.Хикмет, татар ғалымы Н.Л.Халфин, өзбек түркологы Х.С.Ходжаев сынды ғалымдар болды. А.Байтұрсынұлының да шығармашылық жылдарының жемісті шағы Баку конгресімен тығыз байланысты. Ол 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Түркологиялық конгреске арнайы қатысып, түркі әлеміндегі қазақ әліпбиінің мәселесін күн тәртібіне қойды, түркі пән сөздері мен әдеби тілін ортақтастыру жүйесі, баспасөз арқылы байланыстарды нығайту туралы келелі пікірлер айтып, баяндама жасады, төралқаға сайланды. А.Байтұрсынұлымен қатар бұл конгреске В.В.Бартольд, Е.А.Крымский, С.Ф.Ольденбург, А.Самойлович, Ф.Көпірлі-заде, К.К.Юдахин, И.Арабаев сынды көрнекті түрколог-ғалымдар да қатысты. Құрылтай түркология жайлы болғанымен, негізінен әліпби мәселесі талқыланды, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «басқа мәселелер ат үстінен қаралды».

Есбол Асылбеков