Бұған дейін қызмет тек қолданыстағы құжат болған жағдайда, сондай-ақ оны жоғалуы, ұрлануы немесе тегі, аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Енді ол құжат мерзімі өткен жағдайды да қамтиды.
Бұл жүргізуші куәлігінің барлық санатына қолданылады. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін куәлікті ауыстыру кезінде көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет.
Медициналық тексеруден өткен пайдаланушылардың мәліметтері өтінім беру сәтінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал егер пайдаланушы куәлікті мерзімі аяқталғанға дейін алдын ала ауыстырса, медициналық тексеруден өту талап етілмейді. Қызмет көрсету мерзімі - 60 минут.
«Жақын арада жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметін толықтай онлайн форматқа кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып отыр. Сәуір айынан бастап өтінімді электронды түрде беру тәсіліне басымдық беріледі, бұл ХҚКО-дағы кезекті азайтуға мүмкіндік береді. Қызметтің онлайн форматта бұрыннан қолжетімді әрі сұранысқа ие екенін ескерсек, бұл қадам процесті цифрландырудың қисынды жалғасы болмақ», - деді Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Өтінім беру барысында кейбір жағдайларда пайдаланушы құжатының деректері мемлекеттік ақпараттық жүйелерде цифрландырылмаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда тиісті хабарлама көрсетіледі және деректерді жаңарту үшін ХҚКО-ға жеке жүгіну қажет болуы ықтимал.
Сондай-ақ жүйе берешектердің бар-жоғын автоматты түрде тексереді. Егер жүргізушінің 30 күннен астам уақыт бұрын салынған, төленбеген айыппұлы болса, ол толық өтелгенге дейін куәлікті ауыстыру мүмкін болмайды.
Айта кету керек, жүргізуші куәлігін онлайн беру қызметі іске қосылған сәттен бастап оны 60 мыңнан астам рет пайдаланған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





