Қоғам

Астанада үш баланың анасы көзіне жасалған операциядан кейін көз жұмды

Аиданың артында үш баласы қалды.

Астана қаласында үш баланың анасы Аида Оспанова көзге жасалған операциядан кейін көз жұмды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Марқұмның туыстары әйелдің өліміне медицина қызметкерлерінің салғырттығы себеп болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр. 

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 31 қазанда болған. Аида Оспанова көз ауруларын емдейтін жекеменшік клиникаға жоспарлы операцияға барған. Жақындарының айтуынша, бастапқыда жарты сағатқа созылатын ота жоспарланған. Бірақ операцияға бір сағат қалғанда дәрігерлер науқаста қосымша катаракта бар екенін айтып, оны да бір мезетте алып тастау туралы шешім қабылдаған.

Отадан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Жедел жәрдем шақырылып, науқас басқа медициналық мекемеге жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Марқұмның қызы Ақерке Әкімханованың айтуынша, отбасы сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен келіспейді:

«Қорытындыда өлім себебі жүректің жедел тамырлық жеткіліксіздігі деп көрсетілген. Алайда анам бұрын жүрегіне байланысты ешқандай шағым айтпаған. Қолымызда операцияға дейін тапсырылған барлық таза талдаулар бар», – дейді ол.

Туыстарының күдігін күшейткен тағы бір жайт – медициналық құжаттарда өлім уақытының әртүрлі көрсетілуі. Марқұмның қызы Әмина Әкімханованың сөзінше, бір құжатта биологиялық өлім 16:18-де тіркелсе, екіншісінде басқа уақыт көрсетілген.

Жекеменшік клиника өкілдері операция жоспарға сай өткенін мәлімдеді. Клиника директоры Ақмарал Ағалеуованың айтуынша, хирургиялық кезеңде асқыну болмаған:

Клиника оқиғаға қатысты медициналық құжаттар мен материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырғанын хабарлады. Сонымен қатар әйелдің көз жұмғанынан кейін клиника аумағында ішкі тексеріс жүргізілмегені белгілі болды.

Марқұмның туыстары істің толық әрі объективті тергелмей қалуынан қауіптеніп отыр.

Аиданың артында үш баласы қалды. Олардың ең кішісі небәрі үш жаста және ерекше күтімді қажет етеді.