Қоғам

"Әлібек жұмыстан шықты ма?": Burger King-тегі дау басылмай тұр

Компания оның жұмыстан шығарылмағанын айтады.

Әлеуметтік желілерде кең талқыланған жағдайға байланысты Burger King Kazakhstan ресми мәлімдеме жасаған еді. Компания аутизм диагнозы бар қызметкер Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылмағанын және ресми түрде штатта қала беретінін мәлімдеген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Алайда жағдай одан әрі өрбіді. Қаратайдың айтуынша, алғашқы жазбасы жарияланғаннан кейін оған компанияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері хабарласа бастаған. Олар еңбек құқықтарының бұзылуы және жаңа менеджмент тарапынан қысым көрсетілуі мүмкін екені туралы мәлімет берген.

Қаратай әлеуметтік желіде өзін бұрынғы қызметкер ретінде таныстырған адамның жазбаларымен алмасқан хат-хабардың скриншоттарын жариялады. Онда ұжымдағы өзгерістер Ресейден келген жаңа басшылық тағайындалғаннан кейін басталғаны айтылған. Хабарлама авторы бұған дейін жұмыс пен ұжымға шағымы болмағанын, алайда кейінгі өзгерістерден соң жұмыстан кетуге шешім қабылдағанын жазған.

Жазбаларда кейбір қызметкер басқару стилін менмендік ретінде қабылдағаны, сондай-ақ жаңа менеджмент пен қатардағы қызметкерлер арасындағы еңбек жағдайы мен жалақы деңгейіндегі айырмашылыққа назар аударылғаны айтылған. Автордың сөзінше, жалақы мен шарттардағы айырмашылық туралы ақпарат ұжым ішінде тез таралып, наразылық тудырған.

Сонымен қатар ішкі коммуникация негізінен орыс тілінде жүргізілгені, бұл кейбір қызметкер арасында қосымша шиеленіс туғызғаны туралы мәлімделген. Хат-хабарда менеджерлердің бірінің жұбайына қатысты оқиға да аталады. Онда мейрамханада қазақстандықтарға қатысты қорлайтын мазмұндағы жапсырма орналастырылғаны айтылған. Жазба авторының сөзінше, бұл жағдайды жария етуге талпыныс жасалғаннан кейін қызметкерлерге қысым көрсетіліп, жарияланымдар өшірілген.

Қаратайдың пікірінше, егер бұл деректер расталса, мәселе жекелеген оқиғамен шектелмей, жүйелі сипат алуы мүмкін. Ол түскен ақпаратты құқықтық баға беру үшін уәкілетті органдарға жолдауға ниетті екенін мәлімдеді.

Жағдай аясында пайдаланушылар 2GIS және басқа да сервистерде мейрамханаларға жаппай пікір қалдыра бастаған. Соның салдарынан жекелеген филиалдардың рейтингі төмендеген. Пікірлерде жергілікті қызметкерлерге көзқарас, корпоративтік этика және жұмыс орнындағы инклюзивті орта мәселелері талқылануда.

Компания қазіргі уақытта ішкі тексеріс жүргізіп, ұжым ішіндегі өзара іс-қимыл үдерістерін талдап жатқанын хабарлады. Мақсат – еңбек стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету және әр қызметкер үшін қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру.