Ақтауда жоғалған әйелдің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады
Полиция оның қаза тапқаны туралы ақпаратты растады
Ақтауда қаңтар айының соңында жоғалып кеткен әйелді іздеу жұмыстары аяқталды. Полиция оның қаза тапқаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.
Әлеуметтік желілерде 30 қаңтардан бері із-түзсіз жоғалған 38 жастағы Ақтау тұрғынының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметті облыстық полиция департаменті растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында іздеуде жүрген әйелдің денесі табылған.
Полиция өкілдері өлімнің нақты себебі мен зорлық-зомбылық белгілерінің бар-жоғы сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін анықталатынын айтты. Оқиғаға құқықтық баға барлық қажетті рәсімдер аяқталған соң беріледі.
Әйел 30 қаңтар күні 35-шағынаудандағы үйінен шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған. Сол сәттен бастап полицейлер тәулік бойы іздеу жұмыстарын жүргізген.