Экономика

Онлайн несиеге шектеу қойылады

Борышкерлермен жұмыс істеудің бірыңғай ережелері бекітіледі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) бірыңғай талаптар енгізуді жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тиісті қаулы жобасына сәйкес, енді МҚҰ қарыз берер алдында клиентке барлық негізгі шарттар мен тәуекелдер көрсетілген Негізгі ақпараттық құжатты (НАҚ) ұсынуға міндетті.

Құжатта мөлшерлеме, комиссия, мерзім, тараптардың құқықтары мен міндеттері, шартты өзгерту және мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі көрсетілуге тиіс. Қосымша ақылы қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға тыйым салынады. Сондай-ақ олардың құны мен жалпы артық төлемге әсері алдын ала ашық көрсетілуі керек.

МҚҰ қарыздың клиентке сәйкестігін бағалап, барлық талаптарды толық түсіндіруге міндеттеледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қосымша қызметтерді қоса және қоспай есептелуі тиіс.

Несие тарихы жоқ азаматтарға 100 АЕК-тен жоғары онлайн микрокредит беруге тыйым салынады. Мұндай қарыз тек жеке қатысу және биометриялық сәйкестендіру арқылы рәсімделеді.

Берешек туындаған жағдайда МҚҰ қарыз алушының өтінішін қарап, кемінде 3 айға комиссиясыз қайта құрылымдау нұсқасын ұсынуға тиіс. Сонымен қатар борышкерлермен жұмыс істеудің бірыңғай ережелері бекітіледі.