Димаш Құдайбергеннің жаңа туындысы ел назарына ұсынылды
Жаңа әннің mood-бейнесі әншінің YouTube арнасында жарық көрді.
11 ақпанда продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасын қызу қолдаған жанкүйерлеріне алғыс ретінде Димаш Құдайберген «Ғашықтық» атты жаңа композициясының тұсаукесерін ұсынды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Жаңа әннің mood-бейнесі әншінің YouTube арнасында жарық көрді.
«Димаш жаңа тректі алғаш тыңдатқанда, музыканың поэзияға толы екенін сезіндім. Ол ғажайып сөздерге қанық, ал Димаштың ғарыштық дауысымен үйлескенде ерекше естіледі.
Ғашықтық — бұл біреуге деген терең әрі шынайы махаббат күйі. Адам жай ғана ұнап қоймай, ойыңды, сезіміңді, ішкі әлеміңді толықтай баурап алады. Бұл – күшті тартылыс, эмоциялық байланыс, қасында болуға деген ұмтылыс, ішкі толқу мен шабыттың үйлесімі.
Димаш осы сезімдерді әр сөзінде, әр нотасында жеткізе білді», — деді DimashNews редакциясына бейнеролик режиссері Ғалым Асылов.
Клип минимализм тұжырымдамасында түсірілген. Көрермен назарын басты нәрседен — рояль жанындағы Димаштан ештеңе алаңдатпауы үшін осындай шешім қабылданған. Ерекше атмосфера сыйлаған 40 музыканттың ортасында өз сезіміне толық берілген басты кейіпкер махаббат хикаясын баяндайды.
«Қымбатты достар! Қолдауларыңыз үшін шексіз алғысымды сөзбен емес, әнмен жеткізгім келеді. YouTube арнамда “Ғашықтық” (“Влюблённость”) атты авторлық туындымды ұсынамын.
12 ақпанда Hunan TV телеарнасында “Voice Beyond Horizon” шоуының екінші бөлімі көрсетіледі. Алғашқы бөлімі менің YouTube арнамда жарияланған. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Құшақтаймын!», — деді Димаш жаңа туындысын таныстыра отырып.
Композитор: Димаш Құдайберген
Сөзін жазған: Димаш Құдайберген
Аранжировка: Еділжан Ғаббасов
Миксинг: Ерлан Бекчурин
Режиссер: Ғалым Асылов