Әлеумет

Өткен жылы қай мамандық иелері ең көп жалақы алды?

2025 жылы Қазақстанда ең жоғары табыс әкелген мамандықтар анықталды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс берушілер ең қомақты жалақыны техникалық және өндірістік жоғары білікті кадрларға ұсынған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.

Ең жоғары жалақы нақты лауазымдар бойынша тіркелді:

  • флоттағы штурмандарға – айына 875–900 мың теңге;
  • кен өндіру саласындағы учаске басшысының орынбасарларына – 714 мың теңгеден жоғары;
  • бұрғылау машинистеріне – 700 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынылған.

Ал жұмыс іздеушілердің түйіндемелерінде көрсетілген ең жоғары күтілетін жалақы мына мамандықтарға тиесілі болды:

  • ұшқыштар – орта есеппен 1,9 млн теңге;
  • кен өндіру саласындағы қызмет басшысының орынбасарлары – 1,2 млн теңге;
  • кеме капитандары – 1,1 млн теңге.

Министрлік дерегіне сүйенсек, 2025 жылы ел бойынша 1 млн 328 мың вакансия жарияланған. Соның 75%-ы білікті еңбекке тиесілі. Бұл жоғары жалақы негізінен кәсіби даярлығы жоғары, жауапкершілігі мен тәуекелі мол салаларда ұсынылатынын көрсетеді.

Сонымен қатар жаппай сұранысқа ие, бірақ жалақысы төменірек мамандықтар да бар. Мысалы, медбикелер, тәрбиешілер, жүргізушілер мен санитарлар бойынша вакансия саны көп болғанымен, ұсынылған жалақы 110–195 мың теңге аралығында қалып отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығындағы бұл айырмашылық кадр тапшылығының тек санмен емес, мамандық сапасымен және жауапкершілік деңгейімен тікелей байланысты екенін атап өтті.