Қоғам

Танымал полиция қызметкері 54 келі салмақ тастағанын атап өтті

Салтанат Әзірбек үшін ең маңыздысы – тәртіп пен ішкі күй.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі, төрт баланың анасы Салтанат Әзірбек BES.media басылымына берген сұхбатында қатаң жұмыс кестесіне қарамастан қалай арықтағанын және өзін формада ұстаудың басты қағидаларын айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.

Қоғамда әйел полицейлерге қойылатын талаптар мен сыртқы келбетке қатысты стереотиптер жиі талқыланатынын айтқан Салтанат Әзірбек үшін ең маңыздысы – тәртіп пен ішкі күй. Оның сөзінше, физикалық форма – тек сыртқы келбет емес, ең алдымен жан мен ойдың тазалығы, төзімділік пен ерік-жігердің көрінісі.

Полковник соңғы жылдары 54 келі салмақ тастағанын атап өтті. Ол үшін қатаң диеталарға емес, дұрыс әдеттерге сүйенген. Негізгі тәсілі – күн сайынғы кардио. Салтанат Әзірбек таңғы 3-те оянып, сағат 4-тен бастап жаяу жүріске шығады. Таңғы серуен шамамен екі сағатқа созылып, осы уақыт ішінде ол 12-13 мың қадам жасайды. Сағат 7-де ол жұмыс орнында болады.

Тамақтану мәселесінде де қатаң тәртіп бар: уақытылы, аз мөлшерде, ақуызға бай ас. Ұн мен тәттіден толық бас тартқан. Оның айтуынша, мәселе тамақтың көптігінде емес, дұрыс емес әдеттерде.

Салтанат Әзірбек үшін тәртіп – қызметтің ғана емес, өмірдің де негізі. Ол тіпті 1 қаңтар күні де таңғы серуенін қалдырмағанын жасырмайды. Өзіне талап қоя білу, өзін тыңдау және жауапкершілік – оның басты мотивациясы.

Салтанат Әзірбектің өмір салты – қатаң тәртіп пен ішкі үйлесім арқылы нәтижеге жетудің айқын мысалы.