Әлеумет

Алматыдағы хайуанаттар бағына жаңа жануарлар жеткізілді

Енді көпшілік ешкім көрмеген ерекше жануарлар жұбы тамандуаны тамашалай алады.

Бұл жануарлардың туған жері Оңтүстік Америка болып саналады.  

Тамандуаның ең жақын туыстары – сүйрік жалқаулар. Сыртқы келбеті мен қимыл-қозғалысы тамандуаны бірден назар аударарлық етеді. Тамандуаны төрт саусақты құмырсқажегіш деп те атайды. 

Алматы хайуанаттар бағындағы жаңа тұрғындар – Тео мен Лара. Олар 2023 жылы дүниеге келген. Мамандардың айтуынша, тамандуалар өте бауырмал, ойнақы әрі белсенді жануарлар саналады.

Олардың негізгі қорегі – жәндіктер мен арнайы дайындалған жем. Тамандуаның басты ерекшелігі – ұзын әрі жабысқақ тілі. Сол тілінің көмегімен олар азығын оңай аузына жеткізеді.

"Тамандуамен жақынырақ танысу үшін "Приматтар" павильонына өту қажет", – дейді хайуанаттар бағының өкілдері. 

Бүгінгі таңда Алматы хайуанаттар бағы – Қазақстандағы ең көне және беделді зообақтың бірі. Аумағы 21 гектарды қамтитын хайуанаттар бағында қазір 385 түрге жататын 4000-нан астам жануар, құс және бауырымен жорғалаушылар бар. Олардың 76 түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының қауіпсіздік тізіміне, 24 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.