Әлеумет

28 қаңтар — Дербес деректерді қорғау күні

28 қаңтар — Дербес деректерді қорғаудың халықаралық күні. Бұл күн цифрландыру жағдайында азаматтардың дербес деректерін қорғау құқықтарының маңыздылығын және оларды өңдеуге жауапты көзқарас қалыптастырудың өзектілігін көрсетеді.

Қазақстан Республикасында дербес деректерді қорғау цифрлық даму мен киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет дербес деректердің құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған шараларды жүйелі түрде қабылдап келеді.

Соңғы жылдары нормативтік құқықтық база кешенді түрде жаңартылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңына автоматтандырылған өңдеу мәселелерін реттейтін, сондай-ақ дербес деректер субъектілерінің келісімін беру және оны қайтарып алу тәртібін нақтылайтын өзгерістер енгізілді.

2026 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі қабылданды. Аталған кодекс цифрлық қатынастарды реттеудің бірыңғай қағидаттарын бекітіп, деректердің, оның ішінде дербес және иесіздендірілген деректердің құқықтық мәртебесін айқындайды. Кодекс деректердің айналымы, қорғалуы және пайдаланылуы бойынша жүйелі тәсілді қалыптастыруға бағытталған.

Дербес деректерді қорғауды күшейту мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда оларды қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру қағидалары жаңартылды. Қолжетімділігі шектеулі дербес деректердің жүз мыңнан астам жазбасын өңдейтін операторлар үшін пайдаланушыларды сәйкестендіру және аутентификациялау бойынша, оның ішінде биометриялық аутентификацияны қолдану арқылы, қосымша талаптар белгіленді. Бұл талаптар рұқсатсыз қол жеткізу мен деректердің таралу тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.

Дербес деректерді өңдеу ашықтығын арттыру мақсатында eGov mobile платформасында дербес деректерге қолжетімділікті бақылаудың мемлекеттік сервисі жұмыс істейді. Аталған сервис азаматтарға мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректеріне қол жеткізуге келісім беру және оны қайтарып алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта сервис ай сайын қырық миллионнан астам сұрауды өңдейді.

Сонымен қатар, дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл мөлшерлері отыздан бастап екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшер аралығында ұлғайтылды, ұйым басшыларының жеке жауапкершілігі енгізілді, осы салада тұрақты негізде мемлекеттік бақылау жүзеге асырылуда.

Азаматтарға өз дербес деректерін ұсыну кезінде жауапкершілік таныту, қолжетімділікті бақылаудың мемлекеттік құралдарын пайдалану және цифрлық қауіпсіздіктің базалық шараларын сақтау ұсынылады.

Дербес деректерді қорғау — мемлекет, бизнес және қоғам үшін ортақ міндет. Заңнаманы жүйелі дамыту, заманауи технологияларды қолдану және белгіленген талаптарды сақтау Қазақстан Республикасының цифрлық ортасында сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қажетті шарттары саналады.