Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінде балалардың ұялы телефондар мен әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу жайлы қарастырылып жатыр. Бұл туралы министр Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Министрдің айтуынша, ведомствода балаларды интернеттегі қауіпті және заңсыз контенттен қорғаудың түрлі жолдарын зерттейтін жұмыс тобы құрылған. Қазір нақты шешім қабылданған жоқ. Мәселе әлі талқылау сатысында. Министр осындай шаралардың басқа елдерде де бар екенін атап өтті.
Мынадай шектеулер қойылуы мүмкін:
1.балаларға арналған SIM-карталарды бөлек тіркеу;
2.14 жасқа дейінгі балаларға қолжетімді интернет контентін бақылауды күшейту;
3.мектеп бағдарламасында цифрлық сауаттылық пен медиақауіпсіздікті дамыту, сол арқылы балаларға онлайн кеңістіктегі қауіп-қатерді түсіндіру.
Әлеуметтік желілерге қолжетімділікті шектеу мүмкіндігіне баса назар аударылған. Сүлейменова атап өткендей, мұндай шешімдер қоғам болып талқыламай тұрып қабылданбайды. Диалогқа ата-аналар, мұғалімдер, сарапшылар және БАҚ өкілдері шақырылмақ. Министр сонымен қатар 14 жасқа дейін балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу бастамасын Мәжіліс депутаттары бұрын көтергенін еске салды. Оның сөзінше, бұл мәселе әлі шешімін таппаған күйінде қалып отыр және оны шешуде балалар мен қоғам мүддесін ескере отырып, ойланып шешім қабылдау қажет.
Еске сала кетсек, бұған дейін депутат Ермұрат Бәпи осы мәселе жайлы сөз сөйлеген еді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






