Астана соттарының мәліметінше, таяуда Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2004 жылы туған Бекзат Мұратбековке қатысты әкімшілік хаттама қаралды.
"Жаңа жыл қарсаңында ол тұрғын үйдің ауласында таныс қызға айқайлап, көпшілік көзінше бейәдеп сөздер айтып, ар-намысына тиген. Қыз болған жағдайды ата-анасына айтып, кейін полицияға жүгінген. Тексеру барысында Бекзаттың соңғы үш ай бойы өзін агрессивті әрі тұрақсыз ұстағаны анықталды. Ол қызғанышпен түрлі жанжал шығарып, мессенджерлер арқылы қорлайтын хабарламалар жіберіп, қызға жұмсаған ақшасын қайтаруды талап еткен", – делінген хабарламада.
Кейін жігіт кешірім сұрап, түзелуге уәде бергенімен, біраз уақыттан соң жағдай қайта қайталанып отырған. Қорқыту мен жанжал үдей түскен. Тіпті өзін прокуратурада жұмыс істеймін деп таныстырып, қызды түрмеге отырғызамын деп қорқытқан. Алайда мәліметтің жалған екені анықталды. Мұндай әрекеттердің басты себебі қызғаныш болған.
Осылайша, судья Қарлығаш Жақыпбекова Бекзат Мұратбековті ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Сондай-ақ қорғау нұсқамасына сәйкес, оған бір жыл бойы жәбірленушіге жақындауға тыйым салынды. Сот Астана қаласының полиция департаментіне жеке қаулы жолдап, Бекзат Мұратбековтің әрекеттеріне қосымша құқықтық баға беруді тапсырды. Судьяның пікірінше, оның іс-әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 115-бабында (Қорқыту) көзделген сталкинг белгілері бар.
Бапта адамды өлтірумен, денсаулығына ауыр зиян келтірумен, сондай-ақ мүлкін жоюмен немесе өзге де жалпы қауіпті тәсілдермен қорқыту қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатыны көрсетілген. Мұндай әрекет үшін 120 айлық есептік көрсеткішке (519 мың теңге) дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 30 тәулікке дейін қамау жазасы көзделген.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






