Қоғам

Сәпиевке жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалды

Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қарағанды қаласында екі ер адам арасындағы жанжалдан кейін денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде болған. Екі азаматтың арасындағы келіспеушілік төбелеске ұласып, соның салдарынан бір адам жарақат алған.

Жарақат алған азамат – Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев екені нақтыланды. Ал бейресми ақпаратқа сәйкес, жанжалға оның орынбасары, самбодан Азия және әлем чемпионы Дәурен Есімханов қатысқан.

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалып, алған жарақаттың сипаты мен ауырлығы анықталып жатыр. Сараптама қорытындысына қарай істің құқықтық біліктемесі нақтыланбақ.

Жанжалдың нақты неден туындағаны әзірге жария етілмейді. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге таратылмайды.