Руханият

Таланттар тасада қала бере ме?

Астанаға аңсары ауғандар көп шығар. Әсіресе ауылдағы ағайынның келгісі, көргісі келеді... Басыңды шыр айналдыратын, миыңды мың айналдыратын бас қаланың күн санап өсуі, ай санап жетілуі, жыл санап жаңаруы алғаш келгеннің қуанышын еселей түседі. Алайда, суық қаланың кейде көңіліңді суытып, сырт айналатыны тағы бар. Ол енді басқа әңгіме...

Бүгінгісі Астанаға қыр баласы Абылайхан Мақсұтов деген жас ақынның келуі жайында болмақ...

Өлеңнен алыстамаған Абылайханның ат үстінде күн кешіп, даламен тілдесіп жүргені жырға жан бітіреді. Қарым қатынасы қаламен жиі бола бермейтін құрқылтайдың ұясындай ғана шағын Қадырқұл деген ауылда туған ұлдың өз күйбеңі мен мұңы бар. Не көрсе де не жазса да сол ауылдан айналып шықпады. Өйткені оған ауылы ыстық еді.

  • Мен деген,

Өзегім өрт боп өлірада өлмегем.

Қызғыш құсың ем,

қанаты қатты мойны бос,

айнадай көлде аңқасы кеуіп шөлдеген, -дейді.

Осындай өлең жазған ақынның Астанадан жырақ жүргені жаныңа жара салады. Себебі, бір кездері картадан аты өшіп қалған ауыл секілді ұмыт болып қала ма деген қорқыныш мазалайды.

Талантты ұл тасада қалып көпшіліктің қолдауын сезіне алмай қалар ма екен деген алаңдаушылық қой... Әйтпесе, ауылда туып, ауылда өліп жатқандар қаншама? Бұл орайда Сағат Әбдуғалиев жарықтық еске түседі. Тайпақ деген жерде туып, сол жерде жанары жұмылды. Қазір әдебиет сүйер ағайын болмаса кез-келгені Сағатты тани бермейді. Аудан деңгейінде ғана аты аталып жүр. Абылайханды да сол сияқты болып қалмаса екен деген ниетпен жақында Астанаға шақыртып алғанбыз. Жас ақын Еламан Қабділәшім бауырымның «Осы қазір тулаған іштегі сөз, уақытында айтылмай текке өлмесін» деп жырлағанындай ішіндегі сөзі өлмей, тыңдаушысын тапсын деген ниет еді. Ол аңқылдап келді де Ұлттық академиялық кітапханада өлеңдерін оқыды. Аға-апалары ақ батасын берді. Қара бала қанаттанып кетті.

Ақынның жырына куә болған астаналық ағайын таланттар тасада қалмасын дегендей «Әдебиет порталы» ұйымдастырған шарада «Енді кімді шақырасыңдар» дегендей емеуірін танытты. Шынында Астана қош көрсе, ауылда жүрген жас ақын-жазушылар жетерлік. Осы қаланың маңында қаншамасы жүр. Санамаласаң саусағыңды жеткізе алмассың. Ал, оларды елеп жатқан кімің бар? Таланттар тасада қала бере ме?

Жастардың барлығы «Астана саған ақын керек пе?» деп айқай салып келетін Дәулеткерей Кәпұлындай қайдан болсын?!

Сондықтан жас ақын мен жазушыны алдыңғы буын ағалардың көлеңкесінен көргенше оларға да мүмкіндік беру керек шығар. Әйтпесе Мағжан ақын сенім артқан жастар жалынын өшіріп алуы мүмкін. Мұндайға жол берілмесе дейміз. «Әдебиет порталы» қолға алған жоба жалғасын тауып, жастардың жалынды жырлары тыңдармандарын бас қалада жолықтырса, қалам ұстағандардың қуанышында шек болмас еді. Ал, оралдық жас ақынға қайта оралсақ...

Ауылдан Астанаға аруақтанып келген Абылайханның алғашқы кітабын оралдық аға-апалары шығарып берген. Пышақтың қырындай ғана «Жансебіл» деп аталатын жыр жинағы аз ғана таралыммен басылып шықты. Ол да болса ақынға демеу. Ақынның қоғамға қажет екенін ұғындырады.

Астана, сенің төріңде өз балаларың шырқауы керек, сен тек ешкімді жатырқамасаң болғаны...

Асантемір Қаршығаұлы